Кәсіподақ тарихы

Осыдан отыз жыл бұрын еліміздің тағдыры түпкілікті өзгеріп, Қазақстан егемендікке қол жеткізді.

Біздің мемлекет еркін даму, қауіпсіздікті нығайту, нарықтық экономиканы тереңдету және қоғамды демократияландыру жолында батыл қадамдар жасады. Бастапқы кезеңде елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай тұрақсыз болатын. Өндірісті бөлшектеу басталды.

Осы кезде ашық экономика принципі жарияланып, мемлекетті бөлшектеу мен жекешелендіру бағытын ұстана отырып, мемлекет меншігі  мемлекеттік емес нысандарға айналып, бағалардың ырықтандырылуы жүзеге асырылды. Мұның барлығы экономикалық дағдарысқа, бюджет пен төлем қаражаттарының жетіспеушілігіне, инфляцияның өсуіне әкеп соқты. Халықтың өмір сүру деңгейі күрт төмендеді. Білім саласында қиратушы тенденция шиеленісті. Қаржыландыруды қысқарту білім саласын әрі қарай дамыту мен жетілдіруге кесірін тигізді (1991 жыл – бюджеттің табыс бөлігінен 8,1 пайыз, 1996 жыл – 3,3 пайыз). Білім жүйесінің объектілерін материалдық-техникалық жабдықтауды төмендету тенденциясы тұрақтанды.

Реформа барысында республика мектепке дейінгі мекемелердің 80 пайызынан айрылып, балаларды қамтушылық 50,8-ден 10,6 пайызға дейін қысқарды. Шағындалған мектептер, интернаттар, кәсіби-техникалық білім беру объектілерінің саны едәуір азайды. Мектептен тыс мекемелердің 90 пайызы өз жұмыстарын тоқтатты. Жекешелендіру салдарынан білім беру ұйымдары зардап шекті. Қайта құру кезінде мемлекеттік мекемелердің ғимараттары мен мүліктері  таратылып не болмаса білімге қатысы жоқ адамдарға беріліп, көбінесе орынсыз қолданылды.

Оқу орындарын кадрлармен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналды. Саладағы орташа жалақы орташа-республикалық мөлшердің жартысынан да төмен еді. Жалақыны төлеудің кешігуі үйреншікті жайтқа айналды. Қаражаттың жетіспеушілігі білім қызметкерлері мен олардың балаларын сауықтыру жағдайы лезде төмендетіп, осының салдарынан шипажайлар мен демалыс үйлерінің жағдайы да құлдырады. Жалпығаортақ шиеленісушілік кәсіподақтарға  қысым көрсетуге әкеп соқтырып, олардың беделін түсірді, соның салдарынан бұрынғы көзқарастар, жұртшылықтың сенімі және жүргізілген жұмыстың тиімділігі жойылды.

Білім әрқашан қоғам өміріндегі анықтаушы салалардың бірі болды. Мемлекеттің көркеюі, оның әлемдік қоғамдастықтағы жағдайы білімнің дамуымен анықталады. Білім саласындағы проблемалар, мұғалімнің жағдайы, оның әлеуметтік мәртебесі – бұл қоғамдық проблемалар және де қоғам оны шешуге мүдделі. Осындай қиын да қарама-қайшы жағдайларда Кәсіподақ өз жұмысының мазмұнын уақыт талабына сәйкес реттеуге ұмтылды. Жұмыстарында заңнамамен ұсынылған барлық әдістер мен тәсілдер қолданылып, соның ішінде мемлекеттік, сот орындарына, прокуратураға өтініштер, наразылық акциялары, митингілер, ереуілдер, шерулер мен т.б. ұйымдастырылып өткізілді. Республика Үкіметі мен Парламентінің алдына білімге бөлінетін қаржыны көбейту, еңбек ақы жүйесінің реформасын жүзеге асыру, қаржылай қамтамасыз ету, аса қажет толығымен жарамды заңдарды қабылдау талаптары қойылды. Республиканың білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің бастамасы бойынша ғалымдармен бірігіп 1991 жылы республиканың бес облысында мектеп мұғалімдерінің алғашқы әлеуметтік сауалы өткізіліп, халықтың бұл санатының қандай қиын жағдайда екені көрінді.

Тұрғын үй және тұрмыстық, материалдық жағдайлар өте ауыр болды. Әрбір бесінші мұғалім бір жарым және одан да артық ставкамен жұмыс істеуге мәжбүр болса, әрбір үшінші мұғалім жатақханада немесе жеке пәтерде тұрып жатты. Көбінесе мұғалімдердің пәтерлерінде тиісті жағдайлар болмады, коммуналдық қызметтері төленбей, сауықтыруға қатысты қиын мәселелер анықталды. Әрбір бесінші мұғалімнің кәсібін ауыстыру жөнінде шешім қабылдауы кездейсоқтық емес еді. Осы кезеңде анағұрлым қабілетті, жас және келешектері бар кадрлардың қайтуы басталып, мектептен әрбір оныншы мұғалім кетіп жатты. Білім саласында кадрлардың жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Республика бойынша 17 мың мұғалім жетіспеді, ал мамандықтары бойынша жұмыс жасамағаны 14 мыңнан астам, зейнеткерлердің үлесі де көбейді.  

Алғаш рет республикадағы білім саласының тарихында барлық деңгейдегі кәсіподақ комитеттерінің ұйымдастырушылық жұмысынан кейін 1992 жылдың мамыр айында мұғалімдер ереуілге шықты. Республикалық ереуіл комитетін сол кездегі Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің бұрынғы төрағасы, іс-әрекеттер бағытын нақты анықтап, олардың орындалуын қалыптастыра отырып, қол жеткізе алатын, тәжірибелі, сауатты, бастамашыл кәсіподақ лидерлерінің бірі Совет Оспанұлы Оралбаев басқарған болатын.

«Ұжымдық дауларды (жанжалдарды) шешу тәртібі туралы» Заңға сәйкес ереуіл комитеті бұл акцияларды жүзеге асырудың барлық шараларын қадағалады. Құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімшіліктер қарсылық танытуға тырысса, бұқаралық ақпарат құралдары бұл жайтты тіпті елемеді.

Шиеленісушілік жағдайын реттеу мақсатында Үкімет ереуіл комитеті өкілдерінің Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарымен, тиісті министрліктердің басшыларымен кездесуін ұйымдастырды. Республиканың Жоғарғы Кеңесінің сегізінші сессиясында ағымдағы мәселелерді шұғыл түрде қарау жөнінде шешім қабылданып, баспасөзде жедел мәлімдеме жарияланды. Бұл акцияның нәтижесінде мұғалімдердің жүктемесін төмендетуге қол жеткізіліп, БТТ-ғы лауазымдық санаттарын анықтау арқылы жалақылары көбейтілді.

Өткізілген ереуілдер кәсіподақтың нақты күшін көрсетіп, барлық деңгейдегі әкімшіліктер білім саласына бет бұрды, ал бастауыш кәсіподақ ұйымдарының сенімділігі артты. Жарты жылдан асқан соттың қарауындағы іс Кәсіподақтың жеңісімен аяқталып, ереуіл заңды деп танылды.

Егемен Қазақстанның алғашқы Конституциясының, «Кәсіптік одақтар туралы» Заңының қабылдануы барлық деңгейдегі кәсіподақтар үшін жаңа құқықтық базаны құрды. Қазақстан кәсіподақтарының Федерациясымен дайындалған кәсіподақ қозғалысының Тұжырымдамасы еңбек, әлеуметтік қорғау, сауықтыру, салааралық және халықаралық ынтымақтастық, әлеуметтік әріптестік саласындағы бірқатар принциптерге негізделіп, кәсіподақ қозғалысын нығайтуға септігін тигізді.

Нарық жағдайында еңбек құқықтарын бұзушылыққа, жалақыны кешіктірмеуге,еңбек ақы жүйесін жеделдетілген реформалауға жол бермеу ең маңызды мәселелерге айналды. Білім жүйесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 07-желтоқсандағы №1876 "Білім беру ұйымдарының қызметкерлерiне селолық жерлерде жұмыс 
iстегенi үшiн, экологиялық апат аймағында тұрғаны үшiн, сынып 
жетекшiлiгі үшiн, жазба жұмыстарын, дәптерлерiн тексергенi үшiн, 
оқу кабинетінің меңгерушiлігі үшiн, пәндердi тереңдетiп оқытқаны 
үшiн қосымша ақы мен басқа да төлемдер туралы"қаулысы теріс көзқарас тудырды. Бұрынғы қолданыстағы отыз шақты қосымша ақылар мен үстеме ақылар алынып тасталды. Педагог қызметкерлердің лауазымдық айлықтарын оқушылардың каникулдары кезінде 50 пайызға қысқартты.

Осындай кемсітушілік қаулыларының нәтижесі бойынша педагог қызметкерлер жалақыларының 20-30 пайызын жоғалтты. Бұл қаулыны жою мақсатында сала Кәсіподағы бірнеше мәрте республика Үкіметіне, Парламентке, Бас прокуратураға, әділет Министрлігіне өтініш білдірген болатын. Білім және ғылым Министрлігімен бірге жұмыс тобы құрылды. Ортақ күш сала отырып лауазымды тұлғаларды іс-әрекеттерінің заңсыздығына көз жеткізу үшін, бұрынғы еңбек ақыны қайтаруға біршама уақыт қажет болды. Бір жылдың ішінде әр түрлі өзгерістермен, түсіндірулермен Үкіметтің төрт қаулысы қабылданғанмен, олар еңбек ұжымдарын тұйыққа тіреді. Бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағымен шақырылған баспасөз конференциясы, Парламент депутаттарымен кездесу және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болу – осы ұзаққа созылған жағдайдың соңғы нүктесін қойды. Бір жыл өткен соң 2000 жылғы 29-желтоқсанда №1927 Үкіметтің қаулысымен қосымша ақылар мен үстеме ақылардың барлық түрлері қайтарылып, бұрын қабылданған қаулы күшін жойды.