-
Бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағында тұратын қызметкерлерге қосымша еңбекақы және қосымша демалыстар туралы
«Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңының 5-9 баптарына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы, Сарыжал ауылдық округінің, Бесқарағай ауданы, Долон ауылдық округінің, таратылған Жаңасемей ауданының Сарыапан және Иса елдi мекендерiнiң (төтенше радиациялық қауіпті аймақ); Шығыс Қазақстан облысының Абай, Бесқарағай және таратылған Жаңасемей аудандарының, Семей қаласы Ақбұлақ, Абыралы, Алғабас, Айнабұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық округтерінің, Павлодар облысы Май ауданы Ақжар және Малдар ауылдық округтерінің елдi мекендерiнде (ең жоғары радиациялық қауіпті аймақ); Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Жарма, Аягөз, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандарының елдi мекендерi, Семей, Курчатов, Өскемен және Риддер қалалары; таратылған Қазыбек би ауданының аумағы шегінде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Павлодар облысының Май ауданында (жоғары радиациялық қауіпті аймақ); Шығыс Қазақстан облысының Yржар, таратылған Таскескен, Көкпектi, Ақсуат, Зырян, Зайсан және Тарбағатай аудандарының; Қарағанды облысының таратылған Қазыбек би ауданының аумағын қоспағанда, Қарқаралы ауданының; Павлодар облысының Лебяжi ауданының елдi мекендерiнде (ең төмен радиациялық қауіпті аймақ); Павлодар облысының Баянауыл ауданында (жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ) тұрып жатқан азаматтар қосымша еңбекақы және қосымша демалыс алуға құқылы.
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 18–қосымшасындағы 8-тармағында қосымша еңбекақы төлеу құқығы бекітілген.
Радиациялық тәуекел аумақтарында жұмыс істегені үшін қосымша ақы:
- төтенше радиациялық қауіпті аймақта – 2 айлық есептік көрсеткіш;
- ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта – 1,75 айлық есептік көрсеткіш;
- жоғары радиациялық қауіпті аймақта – 1,5 айлық есептік көрсеткіш;
- ең төмен радиациялық қауіпті аймақта – 1,25 айлық есептік көрсеткіш;
- жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта – 1 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
«2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 692 теңгеге белгіленді.
Жұмысшылар мына аймақтар бойынша төмендегiдей жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс алуға:
- төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 14 календарьлық күнi бар;
- ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 12 календарьлық күнi бар;
- жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 10 календарьлық күнi бар;
- ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 7 календарьлық күнi бар;
- жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша 5 календарьлық күнi бар демалыс алуға құқылы.
Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың куәліктеріне келетін болсақ, олар аталған Заңның 10-бабында айқындалған адамдарға беріледі. Көрсетілген нормада ядролық сынақтар жүргізу кезінде бұрын тұрған немесе қызмет өткерген азаматтарға куәлік берілетіні айқындалған. Қазіргі уақытта ластанған аумақтарда тұратын адамдарға куәліктер беру заңмен көзделмеген.