-
ПЕДАГОГТАРДЫҢ КАНИКУЛ КЕЗЕҢІНДЕГІ ЖҰМЫС УАҚЫТЫНЫҢ ҰЗАҚТЫҒЫ
Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) нормаларымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығымен бекітілген Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) талаптарын ескере отырып регламенттеледі.
Педагогтар үшін жұмыс уақытының ұзақтығы ҚР ЕК сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығына қарай белгіленеді.
Жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс (ҚР ЕК 68-бабының 1-тармағы).
Күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспауы тиіс (ҚР ЕК 71-бабының 4-тармағы).
Салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің (бұдан әрі – Салалық келісім) 6.1 тармағына сәйкес педагогтар және ғылыми-педагог қызметкерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы (жалақы ставкасына педагогикалық жұмыс сағатының нормасы) аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына негізделіп белгіленеді.
Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы ұйым басшыларына, олардың орынбасарларына, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына қолданылмайды.
Қағидалардың 3 және 4 тармақтарына сәйкес, педагогтардың жұмыс уақыты атқаратын лауазымына, сондай-ақ білім беру ұйымдарының типі мен түріне қарай: оқу (оқытушылық), тәрбие жұмысын, білім алушылармен жеке жұмысты, лауазымдық міндеттерімен және (немесе) оқу-тәрбие жұмысының жоспарларымен көзделген ғылыми, шығармашылық және зерттеу жұмысын қамтиды.
Қағидалардың 7-тармағына сәйкес күзгі, қысқы және көктемгі каникул уақыты, сондай-ақ кезекті демалысқа сәйкес келмейтін жазғы каникул уақыты білім беру ұйымдарының педагогтары үшін жұмыс уақыты болып табылады.
Осы кезеңдерде педагогтар педагогикалық қызметті демалысқа дейінгі оқу жүктемесінен аспайтын уақыт шегінде жүргізеді. Кезекті демалысқа сәйкес келмейтін демалыс уақытында педагогтар үшін, олардың келісімімен, ай шегінде жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленуі мүмкін. Білім беру ұйымының басшысы демалыс кезінде педагогтардың жұмыс уақытын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.
Каникул уақытында алты күндік жұмыс аптасы бойынша жұмыс істейтін педагогтарға оқу-тәрбие жұмысының жоспарын, оқу кестесін ескере отырып, екі демалыс күнімен - сенбі, жексенбі бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді (Қағиданың 12- тармағы).
Сонымен қатар, Салалық келісімнің 6.6-тармағымен де каникул кезеңдерде педагогтарды жұмыс беруші каникул басталғанға дейін олардың оқу жүктемесінен аспайтын уақыт ішінде педагогикалық және ұйымдастырушылық жұмыстарға тартатыны белгіленген. Каникул кезіндегі жұмыс кестесі, бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің келісімі бойынша басшының бұйрығымен бекітіледі.
ҚР ЕК 154 бабы 2 және 7 тармақтарына сәйкес, Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады, сондай-ақ Салалық келісімнің шарттарын жалтару, сол сияқты бұзу немесе орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.