-
Мәжбүрлі жазылым туралы
Қазақстан Республикасының Конституциясының 20-бабы 2-тармағына сәйкес әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді
«Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 14-бабы 1-тармағына сәйкес масс-медиа өнімін таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі не шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер, сондай-ақ азаматтар немесе ұйымдар жүзеге асырады.
Айта кету керек, кез-келген басылымға жазылуды рәсімдей отырып, біз бұқаралық ақпарат құралының иесімен немесе ол жазылуды тапсырған ұйыммен азаматтық-құқықтық шарт жасасамыз.
Азаматтық заңнаманың негізгі принциптерінің бірі-келісім-шарт еркіндігі принципі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлімі) 2-бабы 2-тармағында азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi делінген.
Шарт еркіндігі қағидасының мазмұны ҚР Азаматтық кодексінің 380-бабының 1-тармағында нақтыланады, оған сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар шарт жасасуда еркін болады. Шарт жасасу міндеті Азаматтық кодекспен көзделген заң актілерінде немесе ерікті түрде қабылданған міндеттемеде көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
Осылайша, белгілі бір басылымдарға жазылуды ресімдеу азаматтар үшін міндетті болуы үшін мұндай міндет заңнамалық актінің кез келген жерінде бекітілуі қажет. Содан кейін ҚР Азаматтық кодексінің 399 бабына сәйкес міндетті түрде жазылу шартын жасасуға мәжбүрлеу мүмкіндігі болар еді. Бірақ мұндай міндет еш жерде бекітілмеген. Сонымен қатар, бұл ақпарат алу еркіндігі үшін жоғарыдағы нормаларға қайшы келетіні анық.
Сондықтан мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, жеке ұйымдардың қызметкерлері үшін де қандай да бір бұқаралық ақпарат құралдарына мәжбүрлеп жазылу үшін құқықтық негіздер жоқ. Жазылымнан бас тартқаны үшін жұмыс беруші тарапынан қандай да бір санкцияларды қолдану кемсітушілік сипатқа ие және Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 145-бабына сәйкес азаматтардың тең құқығын бұзу ретінде бағалануы мүмкін.
Құқық бұзушылықтар жиынтығын мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызмет толықтырады, соның бірі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 13-бабы 1-тармағы 1)-тармақшасына сәйкес егер шаруашылық етуші субъектіні басқару немесе басқаруға қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың лауазымдық міндеттеріне кірмейтін болса, шаруашылық етуші субъектіні басқаруға өз бетінше қатысуға, мүліктік немесе өзге де игіліктер алу мақсатында өздерінің қызметтік өкілеттіктерін құқыққа сыйымсыз пайдалану арқылы ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың материалдық мүдделерін қанағаттандыруға жәрдемдесуге тыйым салынады.
Жұмыс берушінің мәжбүрлеп жазылудан бас тартқаны үшін қабылдаған кез келген санкцияларына шағым жасалуы мүмкін.