САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚЫЗМЕТ МАМАНДАРЫНЫҢ СЕМИНАР-КЕҢЕСІ
26-27 сәуір күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық қызмет мамандарының «Кәсіподақтың құқықтық қызметінде сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша өзекті мәселелері» тақырыбында семинар-кеңесі өтті.
Семинар-кеңеске еліміздің барлық аймағынан Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызмет мамандары мен техникалалық инспекторлары, сондай-ақ әлеуметтік әріптестер - ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері: Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Педагогикалық кадрлармен жұмыс жөніндегі басқармасының бас сарапшылары Э.Жакенова мен С.Базарбаева және Қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы Г.Тоқпанова қатысты.
Семинар-кеңес жұмысын Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева сөз сөйлеп ашты. Салалық ұйым басшысы кәсіподақ қызметінің басым бағыты құқықтық қызмет екенін атап өтіп, семинардың өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды.
«Кәсіподақтың сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі негізгі міндеттері» тақырыбындағы баяндамасында А.Мұқашева Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарының 2021 жылы кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау бағытында атқарған жұмыстарын қорытындылады.
«Соңғы съезде бекітілген кәсіподақ қызметінің бағдарламасымен кәсіподақ органдарының алдына қойылған міндеттердің бірі - әлеуметтік-еңбек саласының нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге және дамытуға қатысу болып табылады. Өткен жылы кәсіподақ өкілдері Кәсіподақтар федерациясының жұмыс тобының құрамында және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алаңында басқа да салалық кәсіподақтардағы әріптестермен бірге ҚР «Еңбек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Кәсіби біліктілік туралы» заңдарының жобаларымен жұмыс істеді», - деп атап өтті А.Мұқашева.
«Біздің ұсыныстарымыз ескеріле отырып, «Мемлекеттік ұйымдар педагогтарының жалақысын есептеу қағидалары», «Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары», «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары», «Мемлекеттік білім беру ұйымдары бірінші басшылары мен педагогтарды ротациялау қағидалары» сияқты заңға тәуелді салалық нормативтік құқықтық актілер жетілдіріліп, қабылданды.
Көрсетілген құжаттардың жұмысына қатысу арқылы біз қызметкерлердің мүдделерін қорғауда алға қойылған мақсаттарды ішінара шеше алдық», - деп қосты Салалық кәсіподақ төрайымы.
2021 жылғы 1 ақпанда 2021-2023 жылдарға арналған салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге қол қойылды.
2021 жылы облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы сала қызметкерлерін толық қамтамасыз ететін 18 өңірлік салалық келісім жасалды.
Іс жүзінде аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) деңгейдегі барлық кәсіподақ ұйымдарында әлеуметтік әріптестік туралы келісімдер жасалды және қолданысқа енгізілді. Өткен жылы жасалған осындай келісімдердің саны – 206.
Барлық деңгейдегі келісімдерге қолданыстағы заңнамамен салыстырғанда қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартатын, әлеуметтік кепілдіктердің белгілі бір жиынтығын құрайтын, әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыруда кәсіподақтың еңбек қатынастары мәселелеріндегі ұстанымын күшейтетін ережелер енгізілді. Бұл жұмыс уақытының ұзақтығын қысқарту, қосымша ақылар мен жәрдемақылардың максималды мәні, санитарлық-гигиеналық оқытуды жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асыру, қашықтықтан жұмыс істеу кезінде өтемақы төлеу және тағы басқалар.
Кәсіподақта 8368 бастауыш ұйымы құрылды, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 8 365 ұйымда Ұжымдық шарт жасалды.
Ұжымдық шарттар кәсіподақтың 545 559 мүшесіне қолданылады.
Қызметкерлерді қорғаудың бір тәсілі - өтініштермен дұрыс жұмыс жасау. Келіп түскен шағымдар мен өтініштерге жауап беру еңбек заңнамасының бұзылуына жедел ден қоюға ғана емес, сондай-ақ осы бұзушылықтардың құрылымын талдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Есепті жылы кәсіподақ мүшелерінің барлығы - 28 529 өтініші қаралды. Өтініштердің басым бөлігі еңбекақы төлеуге байланысты - 12 665, бұл ең алдымен АӘД ұйымдастырушы-оқытушыларының жалақысын есептеу, медицина қызметкерлеріне, кітапханашыларға, аудандық, қалалық (мектеп) әдістемелік бірлестіктердің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әдістемелік бірлестіктерінің басшыларына, бас есепшілер, есепшілерге ақысы төленетін еңбек демалысын 3 күнге дейін ұлғайту жөніндегі әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге енгізілген өзгерістерге байланысты болып отыр.
Құқықтық қызметтің тиімділігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі консультациялық қызметтер болып табылады. Өткен жылы берілген тегін консультациялардың жалпы саны алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 21 141 құрады.
Кәсіподақ заңгерлері жеке еңбек дауларын 101 істі Келісу комиссияларында, 47 істі соттарда қарауға көмек көрсетті.
Жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын орындауын қоғамдық бақылау құқықтық қорғаудың неғұрлым тиімді және маңызды нысаны болып қала береді. Өткен 2021 жылы еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау шеңберінде 1 730 тексеру жүргізілді, оның барысында 2 797 еңбек заңнамасының бұзылуы анықталды. Оның ішінде 783 - еңбекақы төлеу, 798 – еңбек қатынастарын ресімдеу бойынша және 363-жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимі бойынша. Мүшелік ұйымдар мен салалық Кеңестің құқықтық қызметінің көмегімен заңсыз жұмыстан шығарылған 17 қызметкер жұмысқа қайта алынды.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сала ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 8 363 өндірістік кеңес жұмыс істейді.
Саладағы техникалық инспекторларының саны - 8 368 адамды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 266-ға артық.
Техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 3825 тексеру жүргізді, оның ішінде өндірістік кеңестердің бастамасы бойынша – 2786, қызметкерлердің бастамасы бойынша – 302 737 тексеру мемлекеттік уәкілетті органдар мен білім басқармасының мобильді топтарының құрамында жүргізілді.
Семинар тақырыбына сәйкес Кәсіподақтың жұмыс қорытындыларымен таныстыра отырып А.Мұқашева кәсіподақ қызметі ашық және түсінікті болуы керектігін, ең бастысы, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сенімді қорғауы керектігін ерекше атап өтті.
ҚР БҒМ өкілдерімен білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілер және оларға өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Талқылау барысында Салалық кәсіподақтың құқықтық қызметінің мамандары министрлік өкілдерінен педагогтарды аттестаттауға, білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялауға, еңбекақы төлеуге және т.б. қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауаптарын алды. Нәтижесінде кәсіподақ өкілдері әлеуметтік серіктестерге саладағы түйткілді мәселелерге байланысты бірқатар ұсыныстар берді.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева «Сала қызметкерлерінің еңбек және демалыс режимін реттеудің салалық ерекшеліктері» тақырыбында сөйледі.
Жамбыл облыстық ұйымының төраға орынбасары Б. Баймагамбетов Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы құқықтық қызметінің кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті.
«Жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын, келісімдер мен ұжымдық шарт талаптарын орындауына қоғамдық бақылауды ұйымдастыру» тақырыбында Павлодар облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Г.Джаркенова баяндама жасады.
Семинардың алғашқы күнін Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының бас маманы И.Соколов түйіндеді. Ол кәсіподақ активін құқықтық оқыту, сала қызметкерлеріне заң көмегін беруді ұйымдастыру бойынша жұмыс нәтижелерін тарқатып айтып берді.
Құқықтық қызмет мамандарының семинар-кеңесінің екінші күнін «Нұр-Сұлтан қалалық «Әділет» кәсіподағының төрағасы Б.А.Алиев «Әлеуметтік әріптестік жүйе, білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы тиімді құралы» тақырыбындағы презентациясымен ашты.
Салалық кәсіподақтың бас маманы Г.Нарымбаеваның қызметтің әртүрлі салаларындағы өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеу жөніндегі практикалық кейстері көпшілік қызығушылығын туғызды.
Семинар соңында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Еңбекті қорғау жөніндегі Үздік техникалық инспекторы» республикалық байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.
Мектепке дейін, орта, қосымша білім беру ұйымдарының техникалық инспекторлары:
І орын - Горбанёва Людмила Павловна - ШҚО Ұлан ауданы «Украинка орта мектеп - балабақша кешені» КММ техникалық инспекторы;
ІІ орын - Еңсегенов Әбілхаир Тоқболатұлы - Қызылорда қаласы «Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектебі» КММ техникалық инспекторы;
ІІІ орын - Асқарова Орынбасар Тасболатқызы - Нұр-Сұлтан қаласы А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің техникалық инспекторы;
ІІІ орын - Цвингер Виктория Александровна - Алматы қаласы №155 жалпы білім беретін мектебінің техникалық инспекторы.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, жоғарғы білім беру ұйымдарының техникалық инспекторлары:
І орын - Асанов Нұртуган Шымырбекұлы - Қызылорда облысы «Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжі» МКҚК техникалық инспекторы;
ІІ орын - Бердалин Сәбит Мәкібасұлы - Қарағанды облысы «Жезқазған технология және сервис колледжі» КММ техникалық инспекторы;
ІІІ орын - Есімханова Дина Орынғалиқызы - Ақмола облысы Бурабай ауданы, Щучинск қаласы «Жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжі» МКҚК техникалық инспекторы;
ІІІ орын - Аманғалиев Асқат Аманғалиұлы - Ақтөбе облысы «Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі» МКҚК техникалық инспекторы.
Жеңімпаздарға Салалық кәсіподақтың Дипломдары мен ақшалай сертификаттары табыс етілді, байқаудың қалған қатысушылары Алғыс хаттар мен қаржылай сыйақыларға ие болды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Файлдар