САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКТОРЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР
2023 жылдың 20 сәуір күні Елордада Салалық кәсіподақтың «Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асырудағы кәсіподақ органдарының міндеттері» атты техникалық инспекторларға арналған республикалық семинары өтті.
Семинар жұмысына Беларусь білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Т.Якубович, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК бас директоры Ш.Әбікенова, салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының төрағалары мен құқықтық қызмет мамандары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының техникалық инспекторлары қатысты.
Семинар жұмысын ашқан Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева өз сөзінде кәсіподақтың техникалық еңбек инспекциясының еңбекті қорғау жүйесіндегі рөлінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің қаулысымен 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланды. Негізгі міндет-қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек ортасын құру.Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қоғамдық бақылау - Салалық кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Біз техникалық инспекторлардың жұмысында және жалпы өндірістік кеңестерде жаңа тәсілдерді іздейміз. Бүгінгі іс-шара осы мақсатта өткізіледі», - деді А.Мұқашева.
Семинарға қатысушылар алдында Беларусь білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Т.Якубович сөз сөйлеп, тыңдаушыларға білім көкжиегін кеңейтуде табыс тіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК бас директоры Ш.Әбікенова «Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен бекітілген Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы контекстінде қоғамдық бақылауды күшейту» тақырыбында баяндама жасады.
Әрі қарай Салалық кәсіподақ төрағасы «Қазақстан Республикасындағы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім беру ұйымдарында қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру» туралы егжей-тегжейлі ақпаратын таныстырды.
«Съезд бекіткен кәсіподақ қызметінің 2019-2024 жылдарға арналған бағдарламасы, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасындағы қауіпсіз еңбек тұжырымдамасымен басқарушы органдардың алдына жұмыстың барлық мүмкін нысандары мен әдістерін пайдалана отырып, сала қызметкерлерін қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету міндеті басым бағыт ретінде қойылды.
Бұл міндет өзектілігін жоғалтпайды. Өндірістік жарақаттану жағдайы әрдайым күрделі болып қала бермек. Біз әр түрлі жоспарларды жүзеге асыра отырып, еңбек жағдайларын жақсарту және жарақаттануды азайту үшін ұйымдастырушылық және техникалық шаралар қабылдағанмен соңғы уақыттары біздің «жарақатсыз саладағы» жағдай жақсарар емес», -деп атап өтті А.Мұқашева.
2020 жылы сала бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардың жалпы саны - 10, 2021 жылы – 26, ал өткен 2022 жылы – 33 құраған.
Тек өткен жылы жарақаттану бойынша материалдық зардаптар - 127 миллион теңгеден асқан.
«Біздің ойымызша, өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейіне ықпал ететін негізгі себептердің бірі - жұмыс берушілердің мемлекет тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі заңнама талаптарын орындауына тиісті бақылаудың болмауы. Халықаралық еңбек ұйымы ұсынымдары бойынша еңбек инспекторларының қызметін тиімді жүзеге асыруы үшін олардың саны қызметкерлердің санына қатысты 10 мың қызметкерге 1 инспекторды құрауы тиіс, Қазақстанда бұл арақатынас 23 мың қызметкерге 1 инспекторды құрайды»,-деп атап өтті Айгүл Мақсатқызы.
Үш жыл ішінде техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 11 809 тексеру жүргізген, оның ішінде өндірістік кеңестердің бастамасы бойынша – 9362, қызметкерлердің бастамасы бойынша – 968, өзге де тексерулер – 1479.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша 5249 құқық бұзушылық анықталды. Тіркелген құқық бұзушылықтардың 4525 жойылды. Мемлекеттік уәкілетті органдар мен білім басқармасының мобильді топтары құрамындағы кәсіподақ өкілдері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 1205 тексеру жүргізді.
Бүгінгі таңда кәсіподақ құрылымдарының белсенді көмегімен саладағы мекемелер мен кәсіпорындарында еңбекті қорғау жөніндегі 8741 өндірістік кеңес құрылды. 2020 жылмен салыстырғанда кәсіподақ құрамындағы өндірістік кеңестердің саны 685-ке өскен.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар және ЕқжЕҚ бөлімінің бас маманы А. Бектабанов «Қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын жасаудағы Кәсіподақ техникалық инспекциясының негізгі міндеттері туралы» тарқатып айтып берді.
Семинар аясында Беларусь білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас техникалық инспекторы М.Лесунның сөйлеген сөзі өте өзекті болды. Ол еңбекті қорғау саласындағы Беларусь білім кәсіподағының көп жылдық тәжірибесімен бөлісті.
Кәсіподақтың Қарағанды облыстық ұйымының бас маманы Ә.Жақұлованың «Қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасын құру – әлеуметтік әріптестердің міндеті», Павлодар облыстық ұйымының бас маманы Г.Жаркенованың «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай кәсіподақ активін және өндірістік кеңес мүшелерін оқытуды ұйымдастыру мен өткізу» және Қызылорда облыстық ұйымының құқықтық қызметінің маманы Е.Жұбатқановтың «Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша Қызылорда облысының техникалық инспекторларының жұмыс тәжірибесі туралы» баяндамалары тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.
Семинар барысында қатысушылар спикерлерге сауалдарын жолдап, жауаптарын алды.
Республикалық семинар Салалық кәсіподақтың «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды.
Салалық кәсіподақтың «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық байқауының жеңімпаздары:
Мектепке дейінгі, жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының техникалық инспекторлары арасында:
орын:
Мұстафин Қанай Қайсарұлы - Көкшетау қаласы «№14 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ шаруашылық меңгерушісі.
орын:
Қиянова Қамар Барахатқызы - Маңғыстау облысының білім басқармасының Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің «Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебі» шаруашылық жөніндегі директордың орынбасары;
Изикенова Ольга Петровна –Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы білім бөлімінің «Шешенқара жалпы білім беретін мектебі» КММ лаборанты.
орын:
Кашкимбаев Әнуар Мұхитұлы - Жамбыл облысы Қордай ауданы «А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебі» КММ оқытушы-ұйымдастырушы;
Әбілова Нұргүл Гұмарқызы - Павлодар қаласының «№49 санаторлық балабақшасы» МКҚК тәрбиешісі;
Говтва Роман Викторович - ШҚО Глубокое ауданы бойынша білім бөлімінің «Уварово орта мектебі» КММ мұғалімі.
Байқауға белсенді қатысқаны үшін Алғыс хат:
Ақпамбетов Самат Молдабекұлы - Қызылорда облысы Сырдария ауданы «№147 орта мектебі» КММ денешынықтыру пәні мұғалімі;
Смоляр Александр Евгеньевич –СҚО Мамлют ауданының «В.М.Скачков атындағы қызыләскер орта мектебі» КММ денешынықтыру пәні мұғалімі;
Мырзабекова Динара Асқарбекқызы - Ұлытау облысы Жезқазған қаласының «№1 жалпы білім беретін мектебі» КММ ағылшын тілі пәні мұғалімі;
Жабагин Рысбек Ақылбайұлы – Қостанай облысы Тобыл қаласының Н.Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі.
ТжКБ, ғылым және ЖОО техникалық инспекторлары арасында:
орын:
Ақниязов Мұхтар Молдабайұлы - Қызылорда облысы Қазалы ауданы «Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі» КМҚК техникалық инспекторы.
орын:
Жауар Бауржан Ушканбекұлы –Жамбыл облысы Қордай ауданы «№7 Бетқайнар колледжі» КМҚК арнайы пәндер оқытушысы;
Айкимбаева Анаргүл Маратқызы– Астана қаласы «Кәсіптік-техникалық колледжі» КММ шаруашылық меңгерушісі.
орын:
Калимуллина Анна Васильевна –Ұлытау облысы «Қаражал тау-кен техникалық колледжі» КММ өндірістік оқыту шебері.
Батырбаев Болат Жұмабекұлы–Көкшетау қаласы «Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» МКҚК директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары.
Әділханова Лаура Аманжанқызы–Ақтөбе облысы білім басқармасының «Ақтөбе автожол колледжі» МКҚК оқытушысы.
Байқауға белсенді қатысқаны үшін Алғыс хат:
Қойшыбаев Ерлан Айтқалиұлы - Абай облысы білім басқармасының «Құрылыс колледжі» КМҚК арнайы пәндер оқытушысы.
Жеңімпаздар мен байқауға белсенді қатысушылар Салалық кәсіподақтың Дипломдары және ақшалай сертификаттарымен марапатталды.
Семинар жұмысын қорытындылай отырып, А.Мұқашева байқаудың барлық қатысушылары мен жеңімпаздарын құттықтап, әріптестерге салада қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге белсенді атсалысқандары үшін алғыс білдірді.
Шара соңында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасы А.Мұқашева мен Беларусь білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Т.Якубович ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Файлдар