САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚАЛАЛЫҚ ЖӘНЕ АУДАНДЫҚ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ТӨРАҒАЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР-КЕҢЕСІ: ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ЖӘНЕ ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАР МЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАУ
3.11.2023 ж. күні Астанада Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының қалалық және аудандық ұйымдардың төрағаларына арналған семинар-кеңесі өз жұмысын тәмамдады. Атап өтейік, осы аптада семинар-кеңес жұмысына Абай, Алматы, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстық және Астана қалалық кәсіподақ ұйымдарының филиал басшылары мен аппарат қызметкерлері қатысуда.
Іс-шараны аша отырып, Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева аудандық және қалалық кәсіподақ ұйымдарының жергілікті жерлердегі еңбек ұжымдарының мәселелерін шешу, бастауыш ұйымдармен сындарлы жұмыс, әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастық орнату және кәсіподақтардың беделін арттырудағы ерекше рөлін атап өтті.
- Сіздердің басты міндеттеріңіз - кәсіподақ мүшелеріне еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға жедел көмек көрсету -деп атап өтті Салалық кәсіподақ басшысы. - Атап айтқанда, қазіргі уақытта аудандық, қалалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары облыстық комитеттермен бірлесіп, кәсіподақ мүшелерінің өтініштеріне жедел жауап беріп, Келісу комиссияларының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударуы қажет.
Айгүл Мұқашева кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, кәсіподақ жұмысының көрсеткіштерімен бөлісті.
Әрі қарай Салалық кәсіподақтың Кеңсе меңгерушісі М.Бейсембаева кәсіподақтағы кеңсе жұмысының қыр-сырымен бөлісті. Кәсіподақ органдарында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың, істер номенклатурасының тәртібін тәптіштеп түсіндірді.
Кәсіподақтың баспасөз хатшысы М.Хұсынова кәсіподақтың оң имиджін қалыптастырудағы ақпараттық жұмыстың рөлі мен орны, маңызы мен міндеті туралы тарқатып айтты.
Екі күндік бағдарлама кәсіподақтар қызметінің барлық бағыттарын қамтыды. Семинар-кеңес жұмысын Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева қорытындылады. Семинар соңында қатысушылар тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті арттыруға көрсеткен көмегі үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді, сондай-ақ осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Республикалық семинар-кеңес туралы Шарбақты аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Айгүл Сыздықова өз пікірімен бөлісті. Ол семинардағы жылы достық жағдай барлық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік бергенін ерекше атап өтті.
– Біз әр спикердің сөзінен көптеген пайдалы ақпарат алдық. Әріптестер өз тәжірибелерімен бөлісті. Мен күнделікті тәжірибеге енгізу үшін көп нәрсені жинақтадым, – дейді Айгүл Сыздықова. – Бұл расымен өте құнды ақпараттар, Мен үшін ең пайдалыларының бірі - еңбекті қорғау бойынша жұмыс тәжірибесі болды. Кәсіподақтар жұмыс орнында жарақат алудың нөлдік көрсеткішіне қол жеткізуі тиіс.
Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Семинар-кеңес аясында ауқымды мәдени бағдарлама қарастырылған: қатысушылар Елорданың басты көрікті жерлерін аралап, «Астана Опера» опера және балет театрына барады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Файлдар