КӘСІПОДАҚ АКТИВІН ОҚЫТУ: КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІН ЖЕТІЛДІРУ
23 қараша 2023 жылы Астанада Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының қалалық және аудандық ұйымдардың төрағаларына арналған кезекті екі күндік семинар-кеңесі басталды. Осы аптада семинар-кеңес жұмысына «Ұстаз» Алматы қаласының жергілікті кәсіподағы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстық, Қарасай аудандық жергілікті кәсіподақ ұйымдарының филиал басшылары мен аппарат қызметкерлері қатысуда.
Семинар-кеңес жұмысын Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары В.Беженаров ашып, Салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары туралы толық ақпарат берді.
Екі күн бойы семинар-кеңеске қатысушылар алдында Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің мамандары сөз сөйлеп, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек және еңбекті қорғау туралы заңнаманың сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу, кәсіподақтың ақпараттық жұмыстарын жандандыру және т.б. жұмыс тәжірибелерімен бөліседі.
Салалық кәсіподақтың бас есепшісі Г.Тоқабаева - «Кәсіподақ ұйымдарының қаржылық-шаруашылық қызметі туралы» ақпарат берді.
Салалық кәсіподақтың Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы Е.Иманбаев – «Кәсіподақта есеп берулер мен сайлаулар өткізу тәртібі туралы» әңгімеледі.
Кәсіподақ аппаратының бас маманы Ғ.Айкумбаева – марапаттау (наградтау) құжаттарын рәсімдеу тәртібін түсіндірді.
Түстен соң семинар-кеңеске қатысушылар алдында Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева сөз сөйледі.
- Бұл Салалық кәсіподақтың қалалық және аудандық ұйымдарының төрағаларына өткізіп отырған осы айдағы кезекті үшінші семинары. Жұмыстың мұндай форматы кәсіподақ қызметін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді деп сенеміз,- деп атап өтті А.Мұқашева.
Әрі қарай кеңсе меңгерушісі М.Бейсембаева: «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі, кәсіподақ органдарында істер номенклатурасы туралы», Салалық кәсіподақтың баспасөз хатшысы М.Хұсынова «Кәсіподақтың оң имиджін қалыптастырудағы ақпараттық жұмыстың рөлі туралы» айтып берді.
Ертең семинар жұмысын Кәсіподақтың құқықтық қызмет мамандары жалғастырады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі