Жұмыс берушінің бастамасымен зейнеткерлік жасқа толған қызметкермен еңбек шартын бұзудың заңдылығы жөнінде
Салалық кәсіподаққа жұмыс берушінің бастамасымен зейнеткерлік жасқа толған қызметкермен еңбек шартын бұзудың заңдылығы жөнінде сұрақтар жиі түсуде. Сұрақтарды қарастыру барысында жұмыс беруші тарапынан зейнеткерлік жасқа толған қызметкермен еңбек шартын бұзуда еңбек заңдылықтарының сақталмауы айқындалды. Осыған орай, келесі түсіндірмені жариялаймыз.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕҚ) 52-бабы 1-тармағының 24)- тармақшасына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы негізінде тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартының мерзімін жыл сайын ұзарту құқығымен, жұмыскер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде (бұдан әрі – ҚР ӘК) белгіленген зейнеткерлік жасқа толған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
ҚР ЕК 53-бабының 9-тармағында жұмыс берушінің бастамасы бойынша зейнеткерлік жасқа толған қызметкермен еңбек шартын бұзудың көзделген тәртібіне сәйкес жұмыскер ҚР ӘК белгіленген зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін, еңбек шартын бұзу күніне кемінде бір ай бұрын оны хабардар ете отырып, және еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде өтемақы төлей отырып жол беріледі.
Сондай-ақ, ҚР ЕҚ 30-бабы 5-тармағына сәйкес ҚР ӘК белгіленген зейнеткерлік жасқа толған, кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары жұмыскермен еңбек шарты оның еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағы 2)-тармақшасының төртінші бөлігінде көзделген шектеусіз, жыл сайын ұзартылуы мүмкін.
Алайда, жұмыс берушілер тарапынан ҚР ЕК 53- бабының 9-тармағына 2018 жылғы 16 сәуірдегі ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 147-VІ Заңымен толықтырулар енгізілгенін ескермей, өзгеріс енгізілгенге дейінгі норманың негізінде, яғни қызметкер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін кемінде бір ай қалғанда жұмыскерді хабардар ете отырып, еңбек шартын бұзу орын алуда.
!Сонымен, жұмыс беруші жұмыскерге ҚР ЕК белгіленген тәртіппен еңбек шартын бұзу туралы хабарламаны зейнеткерлік жасқа бір ай қалғанда алдын ала емес, зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін, еңбек шартын бұзу жөнінде хабарламаны кемінде бір ай бұрын табыстап, еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде өтемақы төлей отырып жұмыстан босата алады.