2022 ЖЫЛЫ ЖЕКЕ ТАБЫС САЛЫҒЫ (БҰДАН ӘРІ – ЖТС) ҚАЛАЙ ҰСТАЛАДЫ?
ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Заңының 320 бабының 1 тармағына сәйкес дивидендтер түрiндегi кірістерді қоспағанда, салық төлеушiнiң кірістеріне 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынады.
20.12.2021 жылғы № 85-VII ҚР «Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен 2022 жылдың 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 346 бабының 1 тармағы 1)-тармақшасы келесі редакцияда қолданысқа енгізіледі: «Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі-АЕК) 14 еселенген мөлшері. Стандартты шегерім әрбір күнтізбелік айға қолданылады. Күнтізбелік жыл үшін стандартты шегерімнің жалпы сомасы АЕК 168 мөлшерінен аспауға тиіс».
2022 жылдың қаңтар айынан АЕК 3063 теңгені құрайды.
Осыдан, салық салынатын табыс анықталады:
Барлық табыстан 10% міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ), 2% міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы (МӘМС) шегеріледі, кейін салық шегерімі алынады 14 АЕК 14*3063 = 42 882 теңге.
Мысал ретінде 150 000 теңге табысты қарастырайық:
1 қадам: 150 000 теңгеден - 10% МЗЖ = 15 000 тг.
2 қадам: 150 000 теңгеден – 2% МӘМС = 3 000 тг.
3 қадам: 150 000–15 000 – 3000– 42 882 = 89 118 тг. (салық салынатын табыс)
4 қадам: салық салынатын табыс 10% ЖТС есептеледі:
89 118 тг * 10% ЖТС=8 911 тг.
Жиыны: 15 000 + 3000 + 8 911 = 26 911 тг (салық жүктемесі және жарналар).
Осылайша 150 000 теңгеден 26 911 теңге ұсталынады.