МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БІРІНШІ БАСШЫЛАРЫН РОТАЦИЯЛАУ КЕЗІНДЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕСІМДЕУ ТУРАЛЫ
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 бұйрығымен мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары бекітілген (бұдан әрі -Қағидалар).
Қолданысқа енгізілген Қағидалар білім беру ұйымдарының іс жүзіндегі қызметкерлерге ротация кезінде еңбек қатынастарын ресімдеу қалай жүргізіледі деген сұрақ туындайды.
Ротациялау рәсімін жүзеге асыру кезінде еңбек заңнамасын бұзылуын алдын алу мақсатында келесі түсіндірмені ұсынамыз:
«Ротация» ұғымы ҚР «Білім туралы» Заңында айқындалған. Аталған заңның 1 бабы 45-1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары арасындағы лауазымдық орын ауыстыру.
Бұл жерде, жұмыс беруші ретінде білім басқармасы және білім беру ұйымдары басшыларының (жұмыскер ретінде) еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен (бұдан әрі – ҚР ЕК) реттеледі. Демек, ротация нәтижелері еңбек шартымен бекітілуі қажет.
ҚР ЕК 33-бабы 2-тармағына сәйкес жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру кезінде қолданыстағы еңбек шартына тараптар қол қойған екі данада қосымша келісім түрінде жазбаша нысанда өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Еңбек шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізудің алдында Қағидалардың 14-тармағына сәйкес бірінші басшыны 5 жыл мерзімге ауыстыру тәртібімен лауазымға тағайындау туралы жұмыс берушінің актісі жасалады.
Осылайша, ротацияны жүзеге асыру кезінде еңбек шартына қосымша келісіммен еңбек шартының талаптары өзгертілуі мүмкін:
1) білім беру ұйымының орналасқан жері;
2) жалақы көлемі;
3) еңбек шартының қолданылу мерзімі.
Қағидалардың 15-тармағына сәйкес бірінші басшыларды ротациялау кезінде ротацияланушының біліктілік санаты оның қолданылу мерзімі өткенге дейін сақталатынын есте сақтау маңызды.
Ұйым басшысы ауысқан жағдайда құжаттар мен істерді қабылдау-тапсыру міндетті рәсім болып табылады. Айта кету керек, ҚР ЕК-де қабылдау-тапсыру тәртібін реттейтін нормалар айқындалмаған. Дегенмен, білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының ауысуы кезінде материалдық құндылықтарды, құрылтай және басқа құжаттарды, ұйымның мөрлерін және т.б. қабылдау-беруді дұрыс рәсімдеу маңызды, себебі қабылдау-тапсыру актісінің болмауы кейіннен құқықтық сипаттағы белгілі бір проблемаларды, сондай-ақ басшылар үшін елеулі қиындықтар тудыруы мүмкін.
Істер мен құжаттарды беруді ұйым басшысының өкімдік құжаты негізінде жүргізген жөн. Мұндай құжат басқарма басшысының бұйрығы немесе өкімі болуы мүмкін. Өкімдік құжатпен қабылдау-беру жөніндегі комиссия құрылады, рәсімді өткізу мерзімдері айқындалады.
Қабылдау-тапсыру актісі төрт данада ресімделеді: біреуден – ауысатын басшылар үшін; үшіншісі – білім беру ұйымының бухгалтериясы үшін, төртіншісі – Басқарма үшін. Актілерге комиссия мүшелері мен басшылар қол қояды.
Жаңа басшының дербес деректерін әділет, статистика және салық қызметі органдарына, сондай-ақ ұйымға қызмет көрсетуші банкке хабарлама мен жаңа басшыны тағайындау туралы Басқарма бұйрығының көшірмесін қоса бере отырып, хабарлау қажет.