Егер қызметкер 15 қазаннан 2 қарашаға дейін және 5 қарашадан 10 қарашаға дейін еңбекке жарамсыздық парағын тапсырған болса жәрдемақыны есептеу қалай жүргізіледі? Еңбекке жарамсыздық парағына төленетін жәрдемақының жоғарғы шегі белгіленген бе?
ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 133 бабы 3- тармағына сәйкес еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін ҚР заңнамасына сәйкес төленеді.
Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен бекітілген Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларына (бұдан әрі – Қағида) сәйкес жұмыскердің орташа жалақысы негізге алына отырып есептеледі.
Қағиданың 8 тармағымен барлық жағдайларда орташа күндік (сағаттық) жалақы есеп айырысу кезеңде есептелген жалақы сомасын есеп айырысу кезеңдегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына бөлу жолымен, жұмыс уақытының балансына сүйене отырып, яғни бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен айқындалатыны көрсетілген.
Бір айға төленетін жәрдемақының мөлшері еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлерін айқындау туралы ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1103 Қаулысына сәйкес тиісті жылғы айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген шамасынан аспауы тиіс.
Жоғарыда айтылғанның негізінде 15.10.2021ж. - 05.11.2021ж. аралығындағы кезеңді 15.10. -31.10.2021ж. есеп айырысу кезеңіне бөлу қажет. Қазан айындағы жәрдемақының ең жоғарғы шегі 15 АЕК-тен аспауы тиіс.
Сондай-ақ, жұмыскерде 2021ж. қараша айында екі түрлі еңбекке уақытша жарамсыздық парағы болғанына қарамастан, жәрдемақы 01.11. - 10.11.2021ж. кезеңінде 15 АЕК-тен аспауы керек
Осылайша, жұмыскерге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы әрбір еңбекке жарамсыздық парағы үшін төленуі қажет, бірақ айына 15 АЕК-тен аспауы тиіс.
Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінің мардымсыз төмен екенін ескере отырып, Салалық кәсіподақ ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп осы жәрдемақыны есептеу әдістемесін өзгерту және мөлшерін ұлғайту бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн.