Егер қызметкер факультатив және ваканттық сағаттары бойынша қосымша сағаттар өткізуіне байланысты бір жыл ішінде жалақысы өзгерген болса, орташа күндік жалақыны қалай есептеуге болады?
Бухгалтерия оларды еңбек демалысы күндерінің төленген ақысының есебіне ала ма?
ҚР Еңбек кодексінің 111-бабының 1-тармағының ережелеріне сәйкес сол бір ұйымда, еңбек шартында көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмыс орындайтын не уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындайтын жұмыскерлерге қосымша ақы жүргізіледі.
ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 1-тармағының 37)- тармақшасындағы ережелерін ескерсек, жалақы – жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасына және жағдайларына қарай еңбек үшін төленетін сыйлықақы, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдер.
Қоса атқару үшін қосымша ақы нақты жұмыс істелген уақыт үшін жалақының бөлігі болып табылады, сондықтан қоса атқарғаны үшін қосымша ақы орташа жалақының есебіне қосылады.
Осылайша, факультатив сағаттарын, сондай-ақ өзге де сағаттарды жүргізу бойынша қосымша сағаттарды өткізгені үшін төленген сома орташа жалақының есебіне қосылуы тиіс. Орташа жалақы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №908 бұйрығымен бекітілген орташа жалақыны есептеудің Бірыңғай қағидаларымен белгіленген тәртіпте есептеледі.