Уақытша жұмыста болмаған мұғалімнің орнын алмастырғаны үшін ақы төлеу кезінде қандай тиісті қосымша төлемдер беріледі (дәптер тексеру, жаңартылған оқу мазмұны, педагогикалық шеберлік, ерекше еңбек жағдайлары үшін 10%) немесе берілмейді ме?
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтарының жалақысын есептеу Қағидасының 14-тармағына сәйкес, негізгі жұмыс орны бойынша білім беру ұйымдарында педагогтардың бір сағат үшін жалақысын есептеу ауырып қалған немесе басқа себептермен екі айдан аспайтындай уақыт ішінде жұмыста уақытша болмаған педагогтың міндеттерін орындау кезіндегі оқу сағаттары үшін жүргізіледі.
Егер жұмыста уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау қатарынан екі айдан асқан болса, педагогқа еңбекақы оның орнын алмастырған күннен бастап жалпы тәртіп бойынша нақты педагогикалық жүктеменің барлық сағаттары үшін төленеді.
Орын ауыстыру ұзақтығы 2 айдан аз болған кезде ақы төлеу сағаттық ақы төлеу шарттарында жүргізіледі, оның мөлшері алмастыратын қызметкердің біліктілігі ескеріле отырып айқындалады.
Егер орын ауыстыру үздіксіз 2 айдан астам уақытқа созылса, онда ол басталған күннен бастап оқу жүктемесінің апталық көлемі нақтыланады, еңбек шартына қосымша келісім жасалады, онда алмастырушы мұғалімге оқу жүктемесінің қосымша көлемі ауыстыру кезеңіне белгіленетіні көрсетіледі. Оқу жүктемесінің ұлғайтылған көлемін ескере отырып, мұғалімнің айлық еңбекақысын қайта есептеу жүргізіледі.
Қалыптасқан тәжірибе бойынша сағаттық төлем оқу жүктемесінің нақты орындалған көлеміне пропорционалды түрде жүргізіледі. Бұл ретте оқу (оқытушылық) жұмысының бір сағаты үшін ақы төлеу мөлшері ауыстыратын қызметкердің біліктілігін ескере отырып, ауыстырылатын лауазым бойынша аптасына педагогикалық жұмыс сағаттарының белгіленген нормасы үшін көзделген жалақыны ауыстырылатын лауазым бойынша жұмыс сағаттарының орташа айлық санына бөлу арқылы айқындалады.
Жұмыс сағаттарының орташа айлық саны педагог қызметкердің жалақы мөлшерлемесі үшін белгіленген педагогикалық жұмыс сағаттарының нормасын бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы бойынша жылдағы жұмыс күндерінің санына көбейту және алынған нәтижені 5 не 6-ға (аптадағы жұмыс күндерінің саны), содан кейін 12-ге (жылдағы айлар саны) бөлу жолымен айқындалады.
Айта кету керек, жалақыда әрдайым алмастырушы қызметкердің есептік көрсеткіштері ескеріледі.
2020 жылдың есептік индикаторлары бойынша (2021 жылдың түзету коэффициентінсіз) алмастырылған сабақтарды есептеу мысалын ұсынамыз.
Біліктілігі жоғары деңгейдегі жалпы білім беретін ауыл мектебінің математика мұғалімі, "педагог-зерттеуші" санаты, мамандығы бойынша жұмыс өтілі - 16 жыл, ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі бар, ауыстыру тәртібімен 5 сабақ өткізген жағдайда
БЛЖ - 17697 теңге.
АЕК - 2651 теңге.
Нормативті оқу жүктемесі – аптасына 18 сағат.
Тізілім тобы - В2-1
Есептеу коэффициенті - 5,16
Түзету коэффициенті - 1.25
Жұмыс аптасының тәртібі - бес күндік.
Жұмыс сағаттарының орташа айлық саны = 73,8 сағат.
Есептеу:
Тарифтік мөлшерлеме: 17697 теңге * 5.16 = 91 316,52 теңге
Ауылдық жердегі жұмыс үшін жоғарылату -91 316,52 теңге * 25% = 22 829,13 теңге;
Түзету коэффициентін есепке алғандағы тарифтік мөлшерлеме: 91 316,52 теңге + 22 829.13 = 114 145,65 теңге * 1.25 = 142 682,06 теңге.
Қосымша ақылар мен үстемеақылар:
ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақы - 142 682,06 теңге* 10% = 14 268,21 теңге;
біліктілік санаты үшін қосымша ақы- 142 682,06 тенге * 40 % = 57 072,82 тенге;
жазбаша жұмыстарды тексергені үшін қосымша ақы - 17697 теңге* 20 % = 3 539,4 теңге;
магистр дәрежесі үшін қосымша ақы - 2 651 теңге * 10 = 26510 теңге;
жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларды іске асырғаны үшін қосымша ақы- 142 682,06 теңге * 30% = 42 804,62 теңге.
БАРЛЫҒЫ : 142 682,06 теңге + 14 268,21 теңге + 57 072,82 теңге + 3 539,4 теңге + 26510 теңге + 42 804,62 теңге = 286 877,11 теңге.
Сағаттық төлемді есептеу (бір сағат): 286 877,11 теңге : 73,8 сағат = 3 887,2 теңге.
Бес сабақты алмастырғаны үшін сағаттық төлем мөлшері- 3 887,2 теңге * 5 сабақ = 19 436 теңге.