Педагог нормативтік оқу жүктемесімен қамтамасыз етілмеген жағдайда толық мөлшерде еңбекақының жүргізілу шарттары.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 8 бабы 3- тармағында белгіленген.
«Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» (әрі қарай - Қағидалар ) ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының 17-тармағына сәйкес нормативтік оқу жүктемесі қамтамасыз етілмеген педагогтарға айына лауазымдық айлықақы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген тәртіппен педагогикалық жүктемені қосымша педагогикалық жұмыс сағаттарының белгіленген нормасына дейін келесі жағдайларда толықтырылғанда толық мөлшерде есептелуі мүмкін:
1) педагог-мамандарға көркем еңбек, музыка және дене шынықтыру сабақтарын беру үшін жағдай жасалған жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып педагогтеріне;
2) денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша дене тәрбиесі және музыка сабақтарын жүргізе алмайтын жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып педагогтеріне;
3) өздерінің даярлығы салдарынан шет/қазақ/ орыс тілі сабақтарын жүргізе алмайтын шет тілін тереңдетіп оқытатын мектептердің бастауыш сынып педагогтеріне, қазақ және басқа да ұлттық (орыс емес) тілдерінде оқытатын ауыл мектептерінің педагогтеріне;
4) орыс және басқа да ұлттық (қазақ емес) оқыту тілдері бар ауыл мектептерінің қазақ тілі педагогтеріне;
5) қазақ және басқа да Ұлттық (орыс емес) тілде оқытатын ауылдық бастауыш мектептердің орыс тілі педагогтеріне;
6) шалғай жерлерде орналасқан, ауыл мектептерінің дене шынықтыру педагогтеріне, мектептердің шет тілі педагогтеріне келесі міндеттер (міндеттердің бір бөлігі) жүктелген кезде:
- дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру (дене шынықтыру педагогтері үшін);
- жазбаша жұмыстарды тексеру, сынып басшылығы бойынша (шет тілі педагогтері үшін).
Қосымша педагогикалық жұмысқа:
денсаулық жағдайы бойынша мектепке барудан босатылған оқушылармен үйде сабақ өткізу,
уақытша болмаған педагогтарды ауыстыру,
ұзартылған күн тобындағы тәрбие жұмысы,
оқу-тәрбие жұмысын жүргізу жатады.
Сонымен, Қағидаларға сәйкес нормативтік оқу жүктемесі қамтамасыз етілмеген педагогтарға айына толық лауазымдық айлықақы педагогикалық жүктемені белгіленген қосымша педагогикалық жұмыс сағаттарымен толықтырылған жағдайда төленеді.