Каникул кезеңінде педагогтарға еңбекақы төлеу туралы
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 4- Қосымшасына берілген Ескертпенің 2-тармағына сәйкес күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникул кезеңінде жасалған жұмыстар үшін педагогтардың еңбекақысы нақты жүктемені есептей отырып, каникул басталғанға дейін болған тарифтеу кезінде (қосымша ақыларымен) белгіленген жалақы есебінен төленеді.
Осыған қоса, «Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының 15-тармағына сәйкес, оқу тоқсандары арасындағы және оқу жылы басталғанға дейінгі каникул кезінде, демалыс күндерін қоспағанда, білім беру ұйымдарының педагогтарына жалақы нақты жүктемені ескере отырып, каникул басталар алдындағы тарифтеу кезінде белгіленген айлық жалақы есебінен есептеледі.
Сонымен қатар, Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Салалық келісімнің 5.9 тармағында тараптар оқушылардың күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулдары кезеңінде педагогтарға еңбекақы төлеу нақты оқу жүктемесін ескере отырып, каникул басталар алдындағы тарифтеу кезінде белгіленген жалақы есебінен (қосымша және үстеме ақыларымен) жүзеге асырылады деп ұйғарылған.
Жоғарыда көрсетілген негіздерге сәйкес, каникул кезінде айлықақы нақты жүктемені қосымша, үстеме ақылары есебімен есептей отырып, каникул басталғанға дейінгі белгіленген жалақы есебінен төленуі тиіс.
Каникул мерзімінің ұзақтығы жалақынының есептелуіне ешқандай әсер етпейді.