Аспаздардың еңбек демалысының ұзақтығы және қосымша ақы төлеу туралы
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (әрі қарай – ҚР ЕК) 139-бабы, 10-тармағына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік 30 күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі. Сонымен қатар жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтізбелік жылда бір рет төленеді.
ҚР ЕК 1-бабы, 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес азаматтық қызметші – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам.
Осы ретте қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын аспазшы азаматтық қызметшіге жататынын ескерген жөн.
Сонымен қатар, ҚР ЕК 105-бабының 2 тармағына сәйкес, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне жоғарылатылған мөлшерде ақы төлеу Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмыс беруші өндірістік объектілерге еңбек жағдайлары бойынша, сондай-ақ аттестаттауға жатпайтын жұмыс орындары бойынша аттестаттауды жүргізбеген жағдайда, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес жүргізіледі.
«Ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін, жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, сондай-ақ оларды беру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1053 бұйрығының 46-бөлімі «Экономиканың барлық саласының жалпы мамандықтары» 125-тармағында «Плитаның жанында үнемi iстейтiн аспаз» лауазымына ұзақтығы күнтізбелік 6 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы берілетіні көрсетілген.
Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен (бұдан әрі - Қаулы) айқындалады.
Жоғарыда аталған Қаулының 18-қосымшасының 9-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ауыр (ерекше ауыр) қол еңбегі жұмыстарымен және еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті (ерекше қауіпті) жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге БЛА-дан 30% мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделген.
Осылайша, жоғарыда көрсетілген нормалардың негізінде плитаның жанында үнемi iстейтiн аспазға лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы 30 күннен кем емес және 6 күнтізбелік қосымша күнмен жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы, сондай-ақ зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс үшін БЛА-дан 30% мөлшерінде қосымша ақы төленеді.