Білім беру ұйымдарында педагогтарға оқу жүктемесін бөлу туралы
Педагогтардың кейбір санаттары үшін «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес айлық жалақыны есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі белгіленеді. Оқу жүктемесі жұмыс уақытының нормаланған бөлігі ғана болып табылады, себебі педагогтың лауазымдық міндеттері нормаланған жұмысты орындаумен ғана шектелмейді. Мысалы, мұғалiмнiң еңбегiне ақы төлеу үшін есептiк бiрлiк ретiнде аптасына қабылданған 16 сағат оқытушылық жұмыстың норма сағаты, басқа да педагогикалық жұмыстар (оқу сабақтарына дайындық, жазбаша жұмыстарды тексеру, бiлiм алушылармен жеке жұмыс, ата-аналармен жұмыс, әдiстемелiк бiрлестiктердiң жұмысына, педагогикалық кеңестiң отырыстарына, жалпы мектептiк iс-шараларға қатысу және т.б.) жұмыс уақыты болып саналмайтынын бiлдiрмейдi. Осылайша, оқу жүктемесі мұғалімнің жұмыс уақытының жалпы ұзақтығының құрамдық бөлігі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығымен бекітілген Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларының 4-тармағына сәйкес педагогтар үшін жұмыс уақыты Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі –ҚР ЕК) сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығына қарай белгіленеді.
ҚР ЕК 68-бабының 1-тармағында жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс деп белгіленген.
Осылайша, мұғалімнің жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы жалпыға бірдей белгіленген талаптарға сәйкес келуі керек және заңнамаға сәйкес бір ставка үшін аптасына 40 сағаттан аспауы керек.
Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің (бұдан әрі – Салалық келісім) 6.1-тармағында педагогтар үшін (ұйым басшылары мен олардың орынбасарларынан басқа) аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленгенін ескеру қажет.
Педагогтардың жұмыс уақытының ұзақтығы белгілі бір ерекшеліктерге ие. Ол екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – сабақтарды өткізу уақыты, ол нормаланып есепке алынады; екінші бөлім – объективті түрде нормаланбайтын және ескерілмейтін басқа педагогикалық қызметті жүргізу уақыты.
Мұғалімдердің педагогикалық жұмысты орындауы педагогикалық жұмысты жүргізуге белгіленген уақыт нормаларымен ғана сипатталады.
Оқытушылық жұмысты жүргізетін педагог қызметкерлердің педагогикалық жұмыстың басқа бөлігін орындауы сағат саны бойынша нақтыланбаған жұмыс уақыты ішінде жүзеге асырылады.
Сағат саны бойынша нақтыланбаған жұмыс уақытын талап ететін оқытушылық жұмысты жүргізетін қызметкерлердің педагогикалық жұмысының басқа бөлігі білім беру ұйымының жарғысында және ішкі еңбек тәртібінің ережелерінде, біліктілік сипаттамаларында көзделген лауазымдық міндеттерінен туындайды және жұмыс кестелері мен жоспарларымен реттеледі.
Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің (бұдан әрі – Салалық келесім) 6.4 тармағына сәйкес сабақ өткізуден, кезекшіліктен, білім беруді ұйымдастырудың жоспарымен қарастырылған сабақтан тыс іс-шараларға (педагогикалық кеңес отырыстары, ата-аналар жиналысы және т.б.) қатысудан қалған бос сағаттарын педагог өз қалауынша пайдаланады.
Жаңа оқу жылына мұғалімдерге, оқытушыларға, қосымша білім беру педагогтарына және т.б. оқу жүктемесі белгіленгеннен кейін олардың жұмыс уақытының нормаланатын бөлігі ол белгілеген оқу (педагогикалық) жүктемесінің көлемі болып табылады, оның орындалуы сыныптарда, топтарда, үйірмелерде, секцияларда, клубтарда және білім алушылардың басқа да бірлестіктерінде сабақтардың (оқу сабақтарының) кестесімен реттеледі.
«Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының 3-тармағына сәйкес педагог қызметкерлер арасындағы оқу жүктемесі білім беру ұйымы педагогикалық кеңесінің оң шешімі негізінде ұйымның бірінші басшысы (не оны алмастыратын адам) бөледі.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату» қағидаларының 140-тармағында бос лауазымдардағы әр педагогке сағат саны педагогтің бір жарым ставкасынан аспауы керек деп айқындалған.
Әдетте, конкурстық iрiктеуден өткен қызметкермен еңбек шарты еңбек мiндеттерiн бiр ставкаға орындауға жасалады. Сонымен қатар, ҚР ЕК нормаларымен қоса атқару немесе қоса атқару шартымен орындалуы мүмкін негізгі лауазым бойынша жұмыстан басқа қосымша жұмысты орындауға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, Салалық келісімнің 4.4-4.8. тармақтарымен Тараптармен келесі орнатылды:
«Педагогтардың оқу жүктемесінің көлемі оқу жоспары, оқу бағдарламасы бойынша сағаттар санына, кадрлармен қамтылуына, сол ұйымдағы басқа да нақты жағдайларға қарай білім беру ұйымының кәсіподақ комитетінің пікірін ескере отырып белгіленеді.
Жаңа оқу жылына оқу жүктемесін бөлу ұйым басшысының ұйрығымен құрамына міндетті түрде кәсіподақ ұйымының өкілі енгізілген тарификациялық комиссиясы өткізеді. Тарификациялық тізімді ұйымның бірінші басшысы бекітеді.
Педагогтың оқу жүктемесінің көлемі еңбек шартында көрсетіледі және тек еңбек шартына қосымша келісім жасау арқылы тараптар өзгертуі мүмкін.
Жекеменшік ұйымдарында педагогтерге оқу жүктемесін белгілеу кезінде мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалғандай нормативтік оқу жүктемесі қолданылады.
Педагогтардың негізгі жұмыс орны болып табылатын ұйымдарда жаңа оқу жылына оқу жүктемесін белгілеу кезінде, оның көлемі, сыныптарда, топтарда пәндерді оқытуды жалғастырудың сабақтастығы сақталады. Оқу жылының басында педагогтерге белгіленген оқу жүктемесінің көлемі оқу жылы ішінде оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша сағаттар санының азаюы, сыныптар, топтар санының қысқаруы жағдайларын ескермегенде, әкімшіліктің бастамасымен азайтуға жол берілмейді.
Оқу жоспарында көзделген сағаттар санына байланысты, педагогтердің оқу жүктемесі бірінші және екінші оқу жартыжылдықтарында әртүрлі болуы мүмкін.
Педагогтардың оқу жүктемесі көлемінің заңнамамен айқындалған нормативтік көлемнен көп немесе аз болуы олардың жазбаша келісімімен ғана белгіленеді».
Жаңа оқу жылына белгіленген оқу жүктемесінің көлемі жұмыс берушінің бастамасы бойынша оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бойынша сағат санының азаюына, сондай-ақ сыныптар санының қысқаруына, яғни еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты ғана кемуі мүмкін. Бұл ретте еңбек жағдайларының өзгеруі ҚР ЕК 46-бабында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Басқа жағдайларда педагогтардың еңбек шартында көрсетілген оқу жүктемесінің уақытша немесе тұрақты өзгеруі (ұлғаю немесе азаюы) немесе жұмысқа тұру барысындағы білім беру ұйымының басшысының бұйрығында бекітілген оқу жүктемесінің өзгеруі (егер еңбек шарты қандай да бір себептермен жазбаша нысанда болмаса немесе онда оқу жүктемесінің көлемі көрсетілмеген), сондай-ақ жұмыс сипатының өзгеруі тараптардың өзара келісімі бойынша ғана мүмкін болады.
Осылайша, білім беру ұйымдарының басшылары педагогтердің жазбаша келісімінсіз олардың оқу жүктемесін азайтуға, мысалы, басқа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға байланысты оның ішінде қосымша жұмыс бойынша, не оқу жүктемесін педагогтар арасында қайта бөлу арқылы немесе оны сол білім беру ұйымындағы негізгі жұмысынан басқа орындайтын адамдарға (оның ішінде басшылар мен олардың орынбасарларына) оқытушылық жұмыс берілген кезде жол беруге құқысыз.
Сонымен қатар, Салалық келісімнің 4.13. –тармағына сәйкес білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларына басқарып отырған ұйымдарында педагогикалық қызмет басқару органының рұқсатымен пәндерден қосымша сабақ беру толық төлеу арқылы 0,5 нормативтік оқу жүктемесінен аспайтын көлемде берілуі мүмкін.
Өндірістік қажеттілікке байланысты (оқу жоспарының бөлінуге келмеуі, педагогтың уақытша болмауы және тағы да басқа жағдайларда) қосымша жүктеме 50 пайыздан астам көлемінде болуы мүмкін.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің оқу жүктемесі бойынша:
«Білім туралы» ҚР Заңының 52-бабы 7-тармағына сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамының жылдық оқу жүктемесі жұмыс уақытының жылдық нормасы шегінде белгіленеді және оны жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының басшысы алқалы басқару органының шешімі негізінде бекітеді.
Ғылым және жоғары білім қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөнінде 2023-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің 4.4. -тармағына сәйкес Профессорлық-оқытушылық құрамның оқу жүктемесінің көлемі (ғылыми-педагогикалық жұмыстың) оқу жоспары, оқу бағдарламасы бойынша сағаттар санына, кадрлармен қамтамасыз етуге, білім беру ұйымының кәсіподақ органының пікірін ескере отырып, сол ұйымдағы басқа да нақты жағдайларға орай белгіленеді.
Педагогтың оқу жүктемесінің көлемі еңбек шартында ескертіледі және тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін.
Аталған Келісімнің 4.9-тармағына сәйкес Профессорлық-оқытушылық құрамның оқу жүктемесінің көлемін білім беру ұйымы қызметкердің біліктілігіне және кафедра бейініне қарай дербес айқындайды және барлық меншік нысанындағы ұйымдарда оқу жылында 680 сағаттан аспауға тиіс.
ҚР Еңбек кодексінің 154-бабы 2 және 7 тармақтарына сәйкес, Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады, сондай-ақ келісімнің шарттарын жалтару, сол сияқты бұзу немесе орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатынын айта кету керек.
-
Фото
-