Еңбек демалысының ақысын есептеу механизмі қандай?
Еңбек демалысы кезінде қызметкерге ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен бекітілген орташа жалақыны есептеудің Бірыңғай қағидаларымен белгіленген тәртіпте есептелген орташа жалақы төленеді. Орташа айлық жалақыны есептеу, бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында белгіленген қосымша ақылар мен үстеме ақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі. Орташа айлық жалақыны есептеу кезінде жеке төлемдер (барлығы 19) ескерілмейді, соның ішінде:
жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі үшін өтемақы; - еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы;
жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақы;
қызметтік іссапарға жіберілетін қызметкерлерге берілетін өтемақы. Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік жалақыны еңбек демалысының кезеңіне келетін жұмыс күндерінің санына көбейту жолымен есептеледі.
Орташа күндік жалақы есеп айырысу кезеңінде есептелген жалақы сомасын еңбек демалысы кезеңіндегі жұмыс күндерінің санына бөлу жолымен айқындалады. Егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, онда орташа күндік жалақы жұмыс істелген уақыт үшін есептелген жалақының сомасын осы жұмыс істелген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі жұмыс күндерінің санына тиісінше бөлу жолымен айқындалады.
Жоғарыда аталған Бірыңғай қағиданың 13-тармағының мазмұнына ерекше назар аудару қажет, онда лауазымдық жалақы арттырылған жағдайда орташа жалақыны есептеу арттыру коэффициентін ескере отырып, мынадай тәртіппен жүргізіледі делінген:
1) егер арттыру есеп айырысу кезеңінде жүргізілсе, арттырудың алдындағы әрбір ай үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі;
2) егер арттыру есеп айырысу кезеңінен кейін оқиға болғанға дейін жүргізілсе, есеп айырысу кезеңі үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі;
3) егер арттыру оқиға кезеңінде жүргізілсе, орташа жалақының бір бөлігі лауазымдық жалақы (мөлшерлеме) арттырылған күнінен бастап көрсетілген кезең аяқталғанға дейін арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі.
Арттыру коэффициенті арттырудың соңғы айында белгіленген тарифтік ставканы (лауазымдық айлықты) арттыруға дейін белгіленген әрбір тарифтік ставкаға (лауазымдық айлыққа) бөлу жолымен есептеледі. Арттыру коэффициенті есептеу мерзімі шегінде әрбір сәйкес айдың есептелген жалақысының жалпы сомасына қолданылады. Арттыру коэффициенті:
1) қызметкерді бір лауазымнан екіншісіне ауыстырған кезде;
2) лауазымдық айлық мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін қызметкер мамандығы бойынша жұмыс өтілін көбейту кезінде немесе жұмысшының біліктілік разрядын арттыру кезінде қолданылмайды.