Интернат ұйымдары тәрбиешілерінің жұмыс уақыты режимі және еңбекақы төлеу туралы
Педагогтың жұмыс уақытының режимі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) нормаларымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығымен бекітілген Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) талаптарын ескере отырып реттеледі.
Педагогтың жұмыс уақыты «Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларын бекіту» туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығымен (бұдан әрі – Қағида) реттеледі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020449 .
Қағиданың 3-тармағына сәйкес педагогтердің жұмыс уақыты атқаратын лауазымына, сондай-ақ білім беру ұйымдарының типі мен түріне қарай: оқу (оқытушылық), тәрбие жұмысын, білім алушылармен жеке жұмысты, лауазымдық міндеттерімен және (немесе) оқу-тәрбие жұмысының жоспарларымен көзделген ғылыми, шығармашылық және зерттеу жұмысын қамтиды.
Қағиданың 13-тармағының 2-абзацына сәйкес білім алушылардың тәулік бойы болуы және белгілі бір уақыт, маусым ішінде болуы көзделген білім беру ұйымдарының педагогтері үшін білім беру ұйымдарының үлгілері мен түрлеріне, оқу сабақтарының ауысымдылығына және жұмыс кестесіне байланысты кемінде 12 сағат көлемде ауысымаралық демалыс беруді ескере отырып, жұмыс уақыты белгіленеуі мүмкін.
Осы жағдайда, міндетті түрде ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 73-бабының 2, 3 - тармақтарына сәйкес ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне өту ауысым кестелерімен белгілену тиіс.
Жұмыс беруші ауысым кестелерін осы кестелер қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде күнтізбелік 10 (он) күн бұрын жұмыскерлердің назарына жеткізеді.
Осылайша, интернаттық ұйымдар тәрбиешілерінің жұмыс уақыты ауысым кестесімен реттеледі. Әдетте, мұндай жұмыс уақыты режимінде жұмыс уақытының жиынтық есебі қолданылады. Жиынтық есеп-бұл ауысым ұзақтығы белгіленген нормадан ауытқып кетсе, есепті кезең (тоқсан, жыл) шеңберінде жұмыс істеген уақыттың ұзақтығын түзетуге мүмкіндік беретін жұмыс уақытын бөлу мен есепке алудың арнайы тәртібі.
Жұмыс уақытының жиынтық есебі нақты жұмыс жағдайлары бойынша жұмыс уақытының апталық нормасын қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде қолданылады.
Кодекстің 106 бабының 2-тармағына сәйкес жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде еңбекке ақы төлеу ауысым кестесі бойынша нақты жұмыс істеген жұмыс сағаттарының саны үшін жүргізіледі. Бұл ретте жалақыны есептеу тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақытының балансына сәйкес тарифтік мөлшерлеме (лауазымдық жалақы) және жұмыс уақытының айлық нормасы негізге алына отырып есептелген сағаттық тарифтік мөлшерлеме бойынша жүргізіледі.
Тәрбиешінің жұмыс уақыты ауысымдық кесте бойынша атқарылатын болғандықтан, түнгі немесе мереке күндеріндегіжұмыс уақтына қосымша ақы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Кодекстің 109 бабына сәйкес мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып 1,5 еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі.
Кодекстің 110 бабына сәйкес түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағаты жұмыс берушінің еңбек немесе ұжымдық шарттарының және (немесе) актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ қызметкердің күндізгі (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып 1,5 мөлшерден төмен емес мөлшерде төленеді.
Түнгі жұмыс уақыты мереке күніне тура келген кезде еңбекке ақы түнгі сағаттарға және мереке күндеріне жеке жүргізіледі. Сағат 22-ден 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі.
Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 Қаулысымен (бұдан әрі-Қаулы) бекітілген https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1500001193 .
Осы Қаулының 3-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы (ЛА) атқаратын лауазымдарының функционалдық блоктарға жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, біліктілік санатына қарай ЛА есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді базалық лауазымдық айлықақыға БЛА (17 697 тг.) мөлшеріне көбейту жолымен есептеледі.
Педагогтардың жекелеген санаттары үшін ЛА (тарифтік мөлшерлемелер) аптасына белгіленген оқу жүктемесін негізге ала отырып айқындалады.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 8 бабы 3- тармағының 4) тармақшасына сәйкес интернаттық ұйымдардың, демалыс лагерьлерінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жатақханаларының тәрбиешілерінің айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі 30 сағатты құрайды.
Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 123 бұйрығына сәйкес біліктілігі жоғары деңгейдегі «тәрбиеші» лауазымы В3 буынына, ал біліктілігі орташа деңгейдегі В4 буынына жатады https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1600013181 .
Біліктілік санатымен жұмыс өтілі біліктілік деңгейі арқылы ЛА есептеу коэффициенттері Қаулының 2-қосымшасынан алынады.
Мысал ретінде қалалық және ауылдық жердегі мектеп-интернат тәрбиешісінің жалақысын қарастырамыз:
Білімі жоғары, еңбек өтілі 32 жыл, ескі жүйе бойынша біліктілік санаты «жоғары».
Буын: В3, саты 1, есептеу коэффициенті 4,75;
ЛА: 17 697 * 4,75=84 060 тг.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,0 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып ұлғайту:
ЛА: 84 060 * 2,0 = 168 121 тг.
Ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақы (Қаулының 18-қосымшасы 15-тармағы):
168 121 * 10% = 16 812 тг.
Барлығы: 168 121 +16 812 = 184 933 теңге
Ауылдық жер, білімі жоғары, еңбек өтілі 32 жыл, біліктілік санаты педагог-сарапшы.
Буын: В3, саты 1, есептеу коэффициенті 4,75
ЛА: 17 697 * 4,75=84 060 тг.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,0 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып ұлғайту:
ЛА: 84 060 * 2,0 = 168 121 тг.
Ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін жоғарылату (Қаулының 18-қосымшасы 1-тармағы):
168 121 *1,25 = 210 151 тг.
«Педагог-сарапшы» біліктілік санаты үшін қосымша ақы:
210 151 * 35% = 73 552 тг.
Ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақы (Қаулының 18-қосымшасы 15-тармағы):
210 151 * 10% = 21 015 тг.
Барлығы: 210 151 +21 015+73 552 = 304 718 теңге
Айта кету керек! Жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде түнгі уақыт, мереке және демалыс күндері және үстеме жұмыс уақыты (олар болған жағдайда) үшін есептеу жұмыс берушінің бұйрығымен белгіленген есептік кезеңнің (айдың, тоқсанның, жылдың) қорытындылары бойынша жүргізіледі.
Артық жұмыс істеген сағаттар саны есептік кезеңдегі нақты жұмыс істеген сағаттар саны мен берілген кезеңдегі жұмыс уақытының балансы бойынша сағаттар саны арасындағы айырмашылық ретінде айқындалады.
Мысалы: Тәрбиеші 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні сағат 20.00-ден 08.00-ге дейін ауысымға түсті. Еңбекке ақы төлеу сағат 20.00-ден 08.00-ге дейін (ауысымына 12 сағат) сағаттық тарифтік мөлшерлеменің бір мөлшерінде (Тст.сағ.) жүргізіледі.
Сағаттық тарифтік мөлшерлемені тәрибешінің лауазымдық жалақысынан және жұмыс уақытының орташа айлық балансы - 148,5 сағат (36 сағаттық алты күндік жұмыс аптасы) негізінде анықтаймыз.
(Тст.сағ.) = 168 121 / 148,5 = 1 132 тг.
(Тст.сағ.) = 12 х 1 132=13 584 тг.
Қосымша ақылар:
түнгі сағат (22-ден 6 сағатқа дейін) = (1 132 x 8 ) x 0,5=4 528тг.
мерекелік сағат (00.00-08.00 сағ.) = (1 132 x 8 ) x 0,5=4 528тг.