Оқу жүктемесіне қатысты
Мектепте аптасына 16, 8, 10 сағат оқу жүктемесімен 3 дене шынықтыру мұғалімі бар.
16 сағаттық оқу жүктемесі бар мұғалім жұмыстан босату туралы өтініш жазды.
Мектеп директоры босаған 16 сағатты нормативтен төмен жүктемесі бар мұғалімдерге беруге құқығы бар ма, әлде бос сағаттарға конкурс жариялауға міндетті ме?
«Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» (әрі қарай - Қағидалар ) ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығына сәйкес, оқу жүктемесі педагогикалық кеңестің оң шешімі негізінде ұйымның бірінші басшысы (не оны алмастыратын тұлға) бөлінеді.
Салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 5.14. тармағына сәйкес оқу жүктемесін бөлу үшін жұмыс беруші кәсіподақ ұйымы өкілдерінің қатысуымен тарифтік комиссия құрады.
Жоғарыда көрсетілген Қағиданың 6-тармағының 8 тармақшасына сәйкес педагогтардың айлық лауазымдық айлықақыларын арттыру, қосымша ақылар мен үстемеақылар мөлшерін өзгерту білім беру ұйымы басшысының тарифтеу жүргізілгеннен кейін шығарған бұйрығына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі өзгерген күннен бастап жүргізілетінін білу маңызды!
Сондай-ақ, педагогтардың оқу жүктемесі көлемінің төмендеуі және ұлғаюы, олардың тек жазбаша келісімімен ғана белгіленетінін есте ұстаған жөн, себебі орындалатын жұмыс көлемі еңбек шартының маңызды шарты болып табылады.
«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығының 4 - тармағына сәйкес азаматтық қызметке конкурстық негізде түсу ұйым басшысы айқындайтын конкурстық негізде ауыстырылатын бос және (немесе) уақытша бос лауазымдарға «Педагог лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 145 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы еңбек заңнамасында «бос лауазым» норма-анықтамасы жоқ, жалпы түсінікте «бос лауазым» тіркесі басқа жұмыскерді жұмысқа алуға болатын бос (босаған) жұмыс орнын білдіреді.
Ұйымда нормативтік белгіленген жұмыс көлемімен қамтамасыз етілмеген білікті мамандар болған жағдайда, жұмыс беруші жұмыстан босаған жұмыскердің бірінің жұмыс көлемін еңбек заңнамасының талаптарын бұзбай, қалған жұмыскерлер арасында қайта бөлуге құқылы.
«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығының 140-тармағына сәйкес бос лауазымдардағы әр педагогқа сағат саны педагогтың бір жарым ставкасынан аспауы керек екенін ескеру қажет. Бұл жалпы орта білім беру ұйымы педагогының тарифтеу бойынша нақты оқу жүктемесі нормативтік оқу жүктемесінің бір жарым мөлшерінен - аптасына 24 сағаттан аспайтынын білдіреді.
Осылайша, қарастырылып отырған жағдайда жұмыстан босаған мұғалімнің оқу сағаттары еңбек шартына қосымша келісім жасау арқылы жұмыс істейтін мұғалімдерге берілуі мүмкін.
Бұл ретте, осы жағдайда бос лауазымға конкурс жариялау қажеттілігі болмайды.