САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ АҚЫЛЫ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНЫҢ ҰЗАҚТЫҒЫ
Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге заңмен белгіленген ақылы еңбек демалысына кепілдік беріледі.
Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының негізгі және қосымша түрлері беріледі.
ҚР Еңбек кодексінің (әрі қарай - ҚР ЕК) 88- бабына сәйкес ҚР ЕК, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көбірек күн саны көзделмесе, жұмыскерлерге ұзақтығы күнтізбелік 24 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
Сондай-ақ, ҚР ЕК 139-бабының 10-тармағына сәйкес азаматтық қызметшілерге ұзақтығы күнтізбелік 30 күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы көзделген.
Педагогтарға ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес ұзақтығы күнтізбелік 56 күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына кепілдік берілген.
ҚР «Білім туралы» Заңының 53-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтарға ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына кепілдік берілген.
Сонымен қатар, ҚР «Ғылым туралы» Заңының 13-бабы 1-тармағының негізінде мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ғылыми ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне өздерінің еңбекақы төлеуге арналған қолда бар қаражаты шегінде сауықтыру үшін бір лауазымдық жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төленіп, ғылым докторларына ұзақтығы - күнтізбелік 56 күн, ғылым кандидаттарына, философия докторларына (PhD), бейіні бойынша докторларға - күнтізбелік 42 күн, өзге де ғылыми қызметкерлерге - күнтізбелік 35 күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
ҚР ЕК 93-бабының 1–тармағы 1)-тармақшасына сәйкес жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады, не тараптардың келісімі бойынша өтініш бойынша белгіленеді.
Сонымен қатар, Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімінің (әрі қарай- Салалық келісім) 6.7. тармағына сәйкес, еңбек демалыстарының кестесі жұмыскерлердің өтінішімен бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің келісімі бойынша ұйым басшысымен күнтізбелік жыл басталғаннан бастап он күннен кешіктірілмей әзірленетінін атап өту керек.
Еңбек заңнамасында ақылы еңбек демалысын берудің тәртібі белгіленген. ҚР ЕК 91-бабы негізінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде:
1) нақты жұмыс істелген уақыт;
2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;
4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт есепке алынады.
Осы тұста, білу маңызды: Салалық келісімнің 6.8. тармағына сәйкес тамыз және қазан айларының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтерге оқу жылы аяқталған соң, бірінші жұмыс жылы үшін төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы толық көлемде берілетінін ескеру қажет.
Келесі мысалдарды қарастырып көрейік:
Педагог жұмысқа 2023 жылдың қыркүйек айында қабылданды. Бірінші жұмыс жылы үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы педагогқа 2024 жылғы шілдеден Салалық келісімнің 6.8. тармағына сәйкес ұзақтығы 56 күнтізбелік күн алдын ала беріледі.
Егер педагог тамыз, қыркүйек және қазан айларынан басқа уақытта жұмысқа орналасса, онда ақылы еңбек демалысы ҚР ЕК 91-бабына сәйкес беріледі.
ҚР ЕК 154-бабының 2 және 7-тармақтарына сәйкес Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады, сондай-ақ келісімнің талаптарын жалтару, сол сияқты бұзу немесе орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.