Жұмыскерді жыл сайынғы ақылы демалыстан кері шақыртып алуға қатысты
Салалық кәсіподаққа жұмыскерді жыл сайынғы ақылы демалыстан кері шақыртып алуға қатысты сұрақтар келіп түсуде, осыған байланысты келесі түсіндірмені жариялаймыз.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) 95-бабы 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші өндірістік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана үзуі мүмкін.
ҚР ЕК 95- бабы 2- тармағында тараптардың келісімі бойынша кері шақыртып алуға байланысты еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігінің қалған күндерін пайдаланудың мынадай жағдайлары көзделген:
ағымдағы жұмыс жылы ішінде беріледі;
келесі жұмыс жылында кез келген уақытта беріледі;
келесі жұмыс жылының жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылады.
Жұмыс жылы жұмыскердің бірінші жұмыс күнінен бастап есептелген күнтізбелік он екі айды құрайды (ҚР ЕК 92- бабы 2- тарм.).
Сонымен қатар, ҚР ЕК 95- бабы 3- тармағымен кері шақыртып алған кезде демалыстың пайдаланылмаған бөлігін басқа уақытта берудің орнына жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігінің күндері үшін өтемақы төлемі жүргізілетіні қарастырылған.
Білу қажет! Жұмыс берушіден жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан кері шақыртып алуына ұсыныс алған жұмыскер одан бас тартуға құқылы. «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 33 –тармағына сәйкес Еңбек кодексінде жұмыс берушінің жұмыскерді оның келісуінсіз еңбек демалысынан мерзімінен бұрын шақыртып алу құқығы көзделмегенін ескере отырып, жұмыскердің еңбек демалысынан шақыртып алу туралы бұйрықты орындаудан бас тартуын еңбек тәртібін бұзу ретінде қарауға болмайды.
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алуына келіскен жұмыскердің (ұсынылған нұсқаларды таңдағаннан кейін: жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша ағымдағы жұмыс жылы ішінде немесе келесі жұмыс жылында кез келген уақытта беріледі не келесі жұмыс жылының жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылады) көрсетілген жағдайлардың кез келгенінде кері қайтарып алуға байланысты пайдаланылмаған еңбек демалысы күндері үшін алдынала «демалыс» сомасын жалақыдан ұстап қалу туралы хабардар болуы тиіс. ҚР ЕК 115 - бабы 2-тармағының 4) тармақшасының негізінде жалақыдан ұстап қалу жұмыскердің жұмыс беруші алдындағы берешегін оның келісімінсіз өтеу үшін жүргізіледі, яғни жұмыскердің жазбаша өтінішін ресімдемей жалақыдан ұстап қалу сомасын көрсете отырып кері шақыртып алу туралы бұйрық негізінде жүзеге асырылады.
Бұл шартты жұмыс беруші орындауы керек, өйткені кейін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігін беру кезінде жұмыс беруші жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының берілген күндерін орташа жалақы мөлшерінде төлеуге міндетті.
Ал егер жұмыскер демалыстың пайдаланылмаған бөлігін басқа уақытта берудің орнына жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігінің күндері үшін өтемақы төлемін таңдаса, онда бұл жағдайда ҚР ЕК 115-бабы 2-тармағының 4)-тармақшасына сәйкес жалақыдан ұстап қалу жүргізілмейді.
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемі жұмыскердің орташа жалақысы есебінен есептеледі (ҚР ЕК 96-бабы 2-тармағы).
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан кері шақыртып алу пайдаланылмаған еңбек демалысы күндеріне өтемақы төлеу немесе кез келген басқа уақытта пайдаланылмаған демалыс күндері беріледі деген жұмыс берушінің актісімен ресімделеді. Ол міндетті түрде жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келісіммен анықталуы тиіс.
-
Фото
-