Жеке меншік мектеп мұғалімдері сауықтыру жәрдемақысы төленетін, 56 күнтізбелік күн демалысын алуға құқылы ма?
ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының 12-бабының 1-тармағының 3), 4) тармақшаларымен педагогтар үшін төмендегі әлеуметтік кепілдіктер белгіленген:
- ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы;
- өздеріне кезекті еңбек демалысы берілген кезде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы.
Көрсетілген әлеуметтік кепілдіктер барлық меншік түріндегі білім беру ұйымдарында қолданылады. Жоғарыда аталған Заңның 1-бабының 1)-тармақшасында «педагог» ұғымының анықтамасы: педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту, тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтың кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам. ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының 3-бабына сәйкес осы Заңның күші мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнаулы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтарға қолданылады.
Осылайша, аталған заңнамалық актінің нормаларының күші, заңның өзімен белгіленген оның жеке ережелерін қоспағанда, барлық меншік түріндегі ұйымдарға қолданылады. ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңның 8-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес жекеменшік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтардың еңбегіне ақы төлеуді олардың құрылтайшылары немесе соған уәкілеттік берілген адам ҚР заңнамасына сәйкес айқындайды.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес қызметкер және жұмыс беруші арасында еңбек шарты жасалып, онда еңбекақы төлеу шарттары келісіледі.