Cалалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашеваның Жаңа жылмен құттықтауы
ҚҰРМЕТТІ ДОСТАР!
АРДАҚТЫ ӘРІПТЕСТЕР!
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы атынан және жеке өз атымнан баршаңызды жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тарих қойнауына енгелі отырған 2022 жылы қиындығы мен жетістігі қатар жүрген күрделі жыл болды: елімізде орын алған елеулі оқиғалар санамызға сілкініс, өмірімізге өзгеріс әкелді.
Барыс жылындағы баршахалықтық реформалардың нәтижесінде ата заңымыз жаңарып, кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, әділетті Қазақстан құруға бағыталған ел тарихының жаңа парағы ашылды.
Мемлекетіміздің жаңғыру жолындағы жаңалықтары білім саласын да сырт айналып өткен жоқ.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздегі Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, Оқу-ағарту министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды.
Ерен еңбегімізді жемісті етіп, еселі табыстарға жетелеген 2022 жылы Салалық кәсіподақ тарапынан да серпінді жұмыстар жүргізілді. Сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерінің мүддесіне бағытталған әрбір игі істе кәсіподақ көшбасшыларының жеке үлесі бар.
Жасампаз еңбегімен кәсіподақ қозғалысын дамытуға үлес қосып жүрген әрбір әріптесіме шынайы ризашылығымды жеткізіп, алғысымды білдіремін.
Жаңа жылда арман-тілектеріңіз жүзеге асып, бақ-берекелеріңіз таси берсін. Жаңа Қазақстанның жарқын келешегі жолындағы қажырлы қызметтеріңізге сәттілік, табыс тілеймін.
2023-ші жыл шаңырақтарыңызға шаттық, молшылық пен ізгілік әкелсін. Елдігіміздің тұғыры берік болып, ынтымағымыздың ырысы шайқалмасын! Жыл жемісті болсын!
Ізгі ниетпен,
Салалық кәсіподақтың төрағасы Айгүл Мұқашева