ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҮШІН ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЛАРЫ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР ЖӨНІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ САЛАЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Бүгін Астанада ғылым және жоғары білім саласының қызметкерлері үшін еңбек жағдайлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктер жөніндегі әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімге қол қойылды.
«Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге қол қою жаңадан құрылған – ғылым мен жоғары білім министрлігі тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болып табылады.
Әлеуметтік әріптестік - өзара теңдік, келісімге келу қағидаттарына негізделген мемлекеттік билік органдары, жұмыс берушілер, кәсіподақтар арасындағы қатынастарды реттеудің тиімді тетігі. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев: «Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиация арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада еңбек этикасын кемеліне келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге болады»,-деді. Әлеуметтік әріптестік әлеуметтік жанжалдардың алдын алуға бағытталған және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің қоғамдық тетігінің негізін құрайды», - деп атап өтті Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Қол қойылған құжаттың маңыздылығын атап өткен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Бұл мемлекет басшысының әлеуметтік әріптестікті дамыту туралы тапсырмасын орындау барысындағы нақты қадам. Мұндай өзара әріптестік сала қызметкерлерінің мүддесі үшін бірлескен міндеттерді шешу үшін берік негіз болатынына сенімдімін».
Салалық келісім тараптардың қызметкерлерге қажетті еңбек және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау және білім беру ұйымының тұрақты және тиімді қызметін қамтамасыз ету жөніндегі келісілген ұстанымдарын келісім-шарттық тәртіппен айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалды.