Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның Ұстаздар күнімен құттықтауы
ҚАДІРЛІ ҰСТАЗДАР!
АРДАҚТЫ ӘРІПТЕСТЕР!
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атынан баршаңызды кәсіби төл мереке – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлт болашағын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беретін ұстазға деген құрмет қашан да ерекше. Себебі, қоғамның басты байлығы - адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» екені ақиқат.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев биылғы Жолдауында Әділетті Қазақстанды құруда мұғалімдердің рөлі айрықша екенін, соңғы жылдары ұстаз мәртебесін арттыру мақсатында көп жұмыстар атқарылғанын және бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажеттігін атап өтті.
Баршаңызға белгілі, Тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, бүгінде нәтижесін беруде. Президент тапсырмасымен жоспарлы түрде кезең-кезеңімен педагогтарымыздың жалақысы көтерілуде.
Ұлағатты ұстаздарды ұлықтауда Мемлекет тарапынан жасалатын игі шаралар әрі қарай да жалғасын тауып, мерейлеріңіз үстем, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Ардақты ұстаздар! Ұстаз мәртебесі – ұлт мәртебесі екені хақ! Шәкірт тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбектеріңізбен Қазақстанның өркендеуіне қосып келе жатқан сүбелі үлестеріңіз үшін ыстық ықыласпен алғысымды білдіріп, басымды иемін!
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жанұяларыңызға бақ-береке, қастерлі ұстаздық қызметтеріңізге табыс тілеймін!
Ізгі ниетпен,
А.Мұқашева