ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ САНЫН ҚЫСҚАРТУ МӘСЕЛЕСІНЕ ОРАЙ
Жаңа 2022-2023 оқу жылы ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» № 604 бұйрығының күші жойылуымен жәнеҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» № 348 бұйрығының қолданысқа енгізуі бойынша жаңашылдығымен басталмақ. Дене шынықтыру пәнін оқытуда сыныптардың топтарға бөлінбеуі туралы шешім қабылданды. Бұл жағдай жұмыс істейтін педагогтар санының қысқаруына әкеледі. Яғни, дене шынықтыру пәнінің мыңдаған мұғалімдеріне жұмыстан босау қаупі туындап отыр.
Аталған шешім мүлдем күтпеген жағдай болды. Өйткені ағымдағы жылдың мамыр айында Оқу-ағарту министрлігінің жауапты қызметкерлері педагог қауымға жаңа оқу жылының басынан бастап, елдегі мектептерде дене шынықтыру және технология пәндерін ұл-қызға бөліп оқытылатынын мәлімдеген болатын.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы педагогтар мен олардың отбасы мүшелерінің мәселелеріне бей-жай қарай алмайды. Кәсіподақ оқу-ағарту саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға туындаған шиеленісті қысқа мерзімде Әлеуметтік әріптестік тараптарының келісімі аясында шешу туралы ұсынысын жолдады. Бұл ретте, ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңында белгіленген еңбек адамдарының құқықтарын қорғаудың өзге әдістеріне жүгінбеуге үміттенеді.
Кәсіподақтың басшы органдары қызметкерлерді заңсыз іс-әрекеттерге барудан бас тартуға шақырады. Біздің құқықтарымыз бен заңды мүдделерімізді қорғау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі