БІЛІМ КӘСІПОДАҚТАРЫНЫҢ XIV ЕУРАЗИЯЛЫҚ ФОРУМЫ
Әзербайжан Республикасының, Баку қаласында а.ж. 28-30 маусым күндері білім кәсіподақтарының XIV Еуразиялық форумы болып өтті. Форумға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Македония, Косово, Румыния, т.б. елдерінің Білім кәсіподақтарының өкілдері қатысты.
Форум бағдарламасы мазмұнды болды. Форумның алғашқы күні Әзербайжанның Тұңғыш Президенті Гейдар Әлиевтің мемориалына, 1990 жылдың қаңтарында қаза тапқан батырлар аллеясына және Мәңгілік алауға барудан басталды. Алқалы шараға қатысушылар гүл шоқтарын қойып, батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Форум жұмысын Әзербайжан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының және білім кәсіподағының төрағасы Саттар Мехбалиев ашты. Ол өз сөзінде UAESEB-тің халықаралық кәсіподақ қозғалысындағы рөлі мен маңызына тоқталды: бүгінде ол бауырлас елдердің жалғыз кәсіподақ қауымдастығы, оның пайда болуы мен қалыптасуында өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия Білім кәсіподақтары бастамашыл болды. Қазір ұйым Түркі әлемінің 11 елінің білім беру кәсіподақтарын біріктіреді және келешекте оның ұлғайту үміті бар.
Сондай-ақ, Türk-Eğitim sen кәсіподағының төрағасы Талип Гейлан құттықтау сөз сөйледі. Ол форумға қатысушыларды маңызды іс-шараның басталуымен құттықтап, Türk-Eğitim Sen білім кәсіподағының қызметі туралы ақпарат берді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева өз сөзінде форумға қатысушылардың барлығына Қазақстанның ыстық сәлемін жолдап, жиналғандарға кәсіподақтың қызметі, саладағы әлеуметтік әріптестіктің дамуы, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңы туралы хабардар етті. Сондай-ақ, форумға қатысушыларға Әзербайжан, Қырғызстан және Түркияның білім министрлері, ҚР ағарту және жоғары білім және ғылым министрлері қатысқан Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің V отырысы туралы ақпарат берілді.
Форумның екінші күні қонақтар Әзербайжан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының кеңсесіне барып, С.Мехбалиевпен кездесті. Кездесу барысында UAESEB елдеріндегі кәсіподақ қозғалысының проблемалары, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, әлеуметтік диалогты дамыту мәселелері көтерілді.
Бұдан соң UAESEB елдерінің делегациялары Әзербайжанның Білім және ғылым министрлігінде болып, Министрдің орынбасары Фирудин Құрбановпен және аппарат басшысының орынбасары, министрліктің кәсіподақ комитетінің төрағасы Нармина Гусейновамен кездесті.
Ф.Құрбанов республиканың білім беру жүйесінің дамуы туралы хабардар етті. Барлық білім қызметкерлері кәсіподақ мүшелері болып табылады. Салалық келісімге қол қойылып, әлеуметтік диалог жолға қойылған. Министрдің орынбасары білім беру ел саясатының басым бағыты болып табылатынына ерекше назар аударды. Білім беру саласын цифрландыру және ақпараттандыру жүргізілген. Әр оқушы планшетпен жабдықталған, мектептерді компьютерлендіру /6 оқушыға 1 компьютерден/ міндеті алға қойылған.
Білім беру жүйесін оңтайландыру жүйесі енгізілген - елде аудандық білім бөлімдері жоқ, бұрын олардың саны 72 болса, қазір 12 өңірлік (біздіңше облыстық) білім бөлімдері құрылған. Аудандық білім бөлімдері өңірлік бөлімдердің бөлімдері болып табылады, қызметкерлер облыстан жалақы алады. Республикада 200 мыңнан астам мұғалім еңбек ететін мектептердің саны 4,5 мыңға жуық. Мектеп мұғалімінің апталық жүктемесі 18 сағатты құрайды.
Мұғалімдердің санаты жоқ екендігі үлкен қызығушылық тудырды, әр 5 жыл сайын олар диагностикалық бағалаудан өтеді, соның нәтижесінде мұғалімнің жалақысы көтеріледі.
Жастардың мұғалім мамандығына деген қызығушылығының артқаны, педагогикалық мамандықтарға мықты түлектер түсетіні, өту балы жыл сайын артып келе жатқаны қуантады.
Түркітілдес әлем елдері арасында ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келеді. Маусым айының соңында Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия делегациялары елімізде болып, Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің V отырысына қатысты, бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Сөз соңында Ф.Құрбанов форумның біздің елдеріміздің Кәсіподақтары үшін маңыздылығын, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы, түйткілді мәселелерді шешудегі, білім беру қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін атап өтті.
Нармина Гусейнова министрліктің барлық қызметкерлері мүше болып табылатын Министрліктің бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы айтып берді. Ұжымдық шарт жасақталғаны туралы да әңгімеледі.
Одан әрі форумға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар алынды. Кездесу іскерлік және сындарлы жағдайда өтті.
Форум қорытындысы бойынша Қарар қабылданды.