ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ - ЖАҢА МІНДЕТТЕР
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиынға ҚРКФ төрағасы Сатыпалды Дәулеталин қатысты.
Отырыс жұмысын Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева ашып, жүргізіп отырды.
Атқару комитетінің мүшелері күн тәртібіндегі келесі мәселелерді талқылады:
1. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдамасының жобасы туралы;
2. Нұр-сұлтан қаласының «Әділет» кәсіподақ ұйымының кәсіподақ кадрларын және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағындағы активті оқыту тұжырымдамасы аясында кәсіподақ активінің оқу тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы туралы;
3. Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымында еңбек заңнамасының орындалуын құқықтық және қоғамдық бақылауды ұйымдастыру туралы;
4. Маңғыстау облыстық ұйымында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, кәсіподақтың іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың орындалуы туралы.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдамасының жобасы туралы Салалық кәсіподақ төрағасы орынбасары В.Беженаровтың баяндамасын тыңдай отырып, Атқару комитетінің мүшелері жобаны жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.Талқылау нәтижесінде Тұжырымдама жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі қалған мәселелер бойынша да Атқару комитеті мүшелерінен түскен барлық ұсыныстар ескеріле отырып, тиісті Қаулылар қабылданды.
ҚРКФ төрағасы С.Дәулеталин Салалық кәсіподақ жұмысына жоғары баға беріп, Жаңа қазақстан жағдайында кәсіподақ жұмысын әрі қарай жетілдіру туралы сөз етті.
«Жаңа уақыт біздің алдымызға жаңа сын-қатерлер мен міндеттер қойып отыр. Еңбеккерлер құқығын қорғау саласында біз білім-білігімізді жетілдірумен қатар, бірлігімізді сақтай білуіміз керек», - деп қадап айтты С.Дәулеталин.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева Атқару комитетінің жұмысын қорытындылай отырып, мүшелік ұйымдарға кәсіподақтың жарғылық мақсаттары мен міндеттерін орындау, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін білдіру және қорғау бойынша кәсіподақ органдары мен ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі