ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘРТІПТІ НЫҒАЙТУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Салалық кәсіподақтың «Кәсіподақтың қаржылық саясаты. Кәсіподақта бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізу» тақырыбында кезекті республикалық семинары өткізілді. Оған Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының төрағалары, бас есепшілері мен бақылау-тексеру комиссияларының төрағалары қатысты.
Семинар жұмысын Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева ашты. Ол семинардың мазмұны мен тәжірибелік маңыздылығын атап өтіп, семинар тақырыбының кәсіподақтың қаржылық қызметін жетілдірудегі өзектілігін қадап айтты.
Сондай-ақ Салалық кәсіподақ басшысы әріптестерін ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Президент ұсынған оң өзгерістер мен реформаларды жүзеге асырып, жаңа Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосу - біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Сондықтан баршаңызды Президентіміздің реформаларын қолдауға және еліміздің болашағы үшін, өскелең ұрпақтың игілігі үшін өз таңдауыңызды жасауға шақырамын», - деді А.Мұқашева.
Семинар қатысушыларына «Кәсіподақтың қаржылық саясаты. Кәсіподақта бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізу» тақырыбында презентация ұсынылды. Өзекті тақырып төңірегінде аудитор Ж.Уәлиева дәріс оқыды.
«Кәсіподақ ұйымдары кез келген басқа ұйымдар сияқты бухгалтерлік есепті, бухгалтерлік есепті жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды регламенттейтін қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізуі тиіс»,- деп атап өтті ол.
Лектор өз баяндамасында кәсіподақ ұйымының қаржылық саясатын жетілдіру, қаржылық тәртібін нығайту арқылы кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыруға айрықша назар аударды.
Семинар тақырыбы аясында қатысушыларға қаржылық құжаттама мен есептілікті жүргізу, кәсіподақ мүшелеріне материалдық және өзге де көмектің дұрыс ресімделуі туралы көптеген құнды ақпараттар берілді.
Лектордың мазмұнды баяндамасынан соң, қатысушылар тарапынан көптеген өзекті сауалдар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді.
Түстен соң семинар жұмысын Салалық кәсіподақтың бас есепшісі Г.Тоқабаева жалғастырды. Ол «Кәсіподақ ұйымының қаржысы: оларды қалыптастыру және пайдаланудың негізгі қағидаттары» тақырыбында сөйледі.
Бас есепші кәсіподақ ұйымдарындағы қаржы жұмысы туралы, атап айтқанда, кәсіподақ ұйымының қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың, кәсіподақ органдарындың қаржы жұмысы мен бухгалтерлік есепті ұйымдастырудың негізгі қағидаттары, кәсіподақ ұйымдарына салық салудың ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Кәсіподақтың қаржылық қызметі мүшелік жарналарды жинау мен аударудың бірыңғай тәртібі белгіленген кәсіподақ жарғысына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік - құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады», - деді Г.Тоқабаева.
Салалық кәсіподақтың бас есепшісі сөйлеп болған соң қатысушылар кәсіподақ ұйымдарында туындайтын ағымдағы бухгалтерлік және қаржылық мәселелерді талқылауға көшті. Еркін пікір алмасып, спикерлерге өзекті сауалдар қойылды, сұрақтар ауқымы кең болды.
Семинарға қатысушылар семинардың ақпараттылығы мен қарастырылған мәселелердің практикалық құндылығын атап өтті.
Семинар соңында мүшелік ұйымдардың бас есепшілері кәсіподақ ұйымында қаржылық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін Салалық кәсіподақтың Aлғыс хаттарымен марапатталды.
Семинардың барлық қатысушыларына оқытудан өткендігі туралы сертификаттар мен семинар тақырыбына сәйкес үлестірме материалдар табысталды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
------------------------