ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мүшелік ұйымдары аппараттарының іс қағаздарын жүргізу, ұйымдастыру және кадрлық жұмыстар жөніндегі мамандарына арналған семинары өтті.
Республикалық семинар жұмысын Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева ашып, жүргізіп отырды. Ол семинардың өзектілігін атап өтіп, қатысушыларға Салалық кәсіподақ қызметі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ өз сөзінде кәсіподақ мамандарын Қазақстан Республикасы конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумды қолдауға шақырды.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы құрамындағы ең ірі Салалық ұйым – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасын жан-жақты қолдайды.
Қазіргі таңда Салалық кеңес пен оның мүшелік ұйымдары жалпыхалықтық референдумның мақсаты мен міндетін түсіндіру мақсатында барлық өңірде кешенді жұмыс жүргізуде», - деп атап өтті А.Мұқашева.
«Азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатын кәсіподақтар мемлекеттің саяси өміріне белсенді қатысуы керек. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды республикалық референдумға белсенді қатысып, Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырамын»,- деп қосты ол.
Семинарда әрі қарай «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаментінің «Лингвистикалық қолдау» бағытының жетекшісі Алма Шоқаева «Іс қағаздарын жүргізу», «Мемлекеттік тілде құжат дайындаудың ерекшеліктері», «Кадрлық іс жүргізу» тақырыптарында дәріс оқыды.
Семинар барысында лектор А.Шоқаева төмендегі мәселелерге жеке-жеке тоқталды:
- Іс жүргізу және мұрағат ісі саласындағы нормативтік құқықтық база;
- Құжаттау тәртібі: құжаттарды дайындау және рәсімдеу ережелері (құжат тілі, деректемелер, бланкілер);
- Құжаттардың жекелеген түрлерін (хат, бұйрық, хаттама және т.б.) дайындау және рәсімдеу ерекшеліктері;
- Аударма негіздері;
- Терминдерді, түсініктерді (ұғымдарды) және анықтамаларды пайдалану;
- Екі тілдегі құжаттарды салыстырмалы талдау;
- Кадрлық іс қағаздарының нормативтік құқықтық базасы;
- Жұмысқа қабылдау кезіндегі құжаттау тәртібі;
- Құжаттардың жекелеген түрлерін дайындау және рәсімдеу ерекшеліктері.
Семинардың тәжірибелік бөлімінде қатысушылар тақырыптарды талқылап, оларды тәжірибеде қолдану ерекшеліктерімен бөлісті. Өзекті сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.
Ал, күннің екінші жартысында семинар тақырыбына байланысты Салалық кәсіподақтың Орталық аппаратының мамандары сөйледі.
Кеңсе меңгерушісі М.Бейсембаева кәсіподақ органдарындағы жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, кәсіподақ органдарындағы істер номенклатурасы туралы әңгімеледі.
HR менеджер Ғ.Айкумбаева марапаттау (наградтау) құжаттарын рәсімдеу тәртібі туралы түсіндіріп, кәсіподақтағы есептіліктің түрлері, нысандары мен мерзімдері, ЕШТБЖ (еңбек шарттарын тіркеудің бірыңғай жүйесі) туралы ақпарат берді.
Баспасөз-хатшысы - PR-менеджер М.Хұсынова кәсіподақтағы ақпараттық жұмысты жаңғыртуға қатысты жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар ұйымдастырушылар мен қатысушылар арасында қызу пікір алмасумен тәмамдалды. Оның барысында қызмет барысында туындайтын көптеген өзекті сұрақтарға жауаптар берілді.
Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі.