САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ЕҢБЕК ЕТУШІ ӘЙЕЛДЕР ІСІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯСЫНЫҢ СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Еңбек етуші әйелдер ісі жөніндегі Комиссиясының семинары өтті. Семинар жұмысына ҚР Кәсіпоподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Г.Жұмагелдиева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева, сондай-ақ Салалық кәсіподақтың Еңбек етуші әйелдер ісі жөніндегі Комиссиясының мүшелері қатысты.
Шараның модераторы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Еңбек етуші әйелдер ісі жөніндегі Комиссиясының төрайымы Ә.Әбиева семинардың мақсат-міндеті, бағдарламасымен таныстырды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Г.Жұмагелдиева гендерлік саясатты дамыту бағытында Кәсіподақтар федерациясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева Комиссия мүшелеріне Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қызметінің басым бағыттары туралы толығырақ ақпарат берді. Айгүл Мақсатқызы өз сөзінде білім саласындағы әйелдердің басым үлесін айтып өтіп, сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы әріптестерінің еңбегін ерекше атады. Бірлескен жұмыстар үшін алғыс білдіре отырып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Семинар жұмысының бірінші бөлімінде салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева «Еңбек заңнамаларының нормаларын қолдану» тақырыбында Комиссия мүшелеріне құқықтық кеңес берді. Комиссия мүшелерінің салада туындаған көптеген сауалдарына нақты жауаптар берілді. Cонымен қатар Комиссия мүшелері саладағы бірқатар түйткілді мәселелерді талқылады.
Түстен соң Гендерлік экономика бойынша халықаралық сарапшы, э.ғ.к., Ә.Ілиясова ZOOM платформасы арқылы «Қазақстандағы гендерлік саясат» тақырыбында баяндама жасап, семинар жұмысын қыздыра түсті.
Ә.Ілиясова тәуелсіздік жылдарында Қазақстан гендерлік саясатты іске асыруда белгілі бір прогреске қол жеткізгенін атап өтіп, слайдтар арқылы Қазақстанның гендерлік саясат бағытында атқарып жатқан жұмыстарын көрсетті.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Еңбекші әйелдер істері жөніндегі Комиссиясы 2020 жылы 20 қарашада құрылды. Комиссия кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының гендерлік теңдік саласындағы жұмысын жандандыру, әйелдерді кәсіподақ қозғалысына кеңінен тарту, жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, ана мен баланы қорғау, еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықтан қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органы болып табылады. Құрамында 19 адам бар.
Семинар соңында барлық қатысушыларға ҚР білім беру саласында гендерлік саясат және гендерлік бюджеттеу технологиясын қолдану мәселелері бойынша оқыту семинарынан өткендігі туралы сертификаттар табысталды.
-
Фото
-