БҚО КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ
Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында А.Мұқашева облыстағы кәсіподақ мүшелерімен кездеседі, сонымен қатар Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева өңірдегі білім беру ұйымдарындағы Келісу комиссияларының мүшелері үшін оқыту семинарларын өткізеді.
Жұмыс сапарының алғашқы күні Салалық кәсіподақ өкілдері БҚО, Бәйтерек ауданында болды. Онда аудан әкімі М.Тоқжанов пен аудандық білім бөлімі басшысы С.Сафиуллинмен кездесті. Кездесу аясында аудандағы білім қызметкерлерінің өзекті мәселелері көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланды.
Аймақтағы білім саласы қызметкерлерінің көптеген мәселелері әлеуметтік әріптестіктің аясында шешілуде.
Айгүл Мұқашева Марат Лұқпанұлына әріптестік аясындағы бірлескен жұмыстар үшін алғыс білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Қ.Аманжолов атындағы ЖОББМ-нің акт залында аудан педагогтарымен кездесу барысында А.Мұқашева Салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, ақпарат берсе, Р.Қыдырбаева Келісу комиссиясы мүшелеріне арналған семинар өткізіп, қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Семинарға қатысушыларға сертификат пен методикалық нұсқаулықтар тапсырылды.
Сонымен бірге, аудандық, облыстық кәсіподақ ұйымдарының ұсынуымен 3 педагогқа Салалық кәсіподақтың төс белгісі, 4 педагог Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасы табысталды. Салалық кәсіподақтың марапаттары салалық келісімге сәйкес педагогикалық қызметкерлерді аттестаттау кезінде ескерілетінін атап өткен жөн.
«Салалық кәсіподақ тарапынан қанша онлайн кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, өкінішке орай, әлі күнге дейін кейбір мәселелер өз шешімін таппаған. Өз тарапымыздан бұл мәселелерді облыс деңгейінде көтеріп, кәсіподақ мүшелеріне көмегімізді көрсететін боламыз»,- деп атап өтті А.Мұқашева.
Кәсіподақ өкілдерінің аймаққа сапары 7 сәуірге дейін жалғасады. Бүгін Орал қаласында педагогтармен және білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесіп, Келісу комиссияларының мүшелері үшін оқыту семинарлары өткізілетін болады. Ертең Теректі ауданына бару жоспарланған.
-
Фото
-