САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ТҮРКІСТАНДА СЕМИНАР ӨТКІЗДІ
Түркістан қаласында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Мұқашеваның және Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаеваның қатысуымен кәсіподақтың қала, аудандардағы филиалдар төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері мен төрағаларына, КЕЛІСУ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ мүшелеріне семинар өткізілді.
Семинарды сөз сөйлеп ашқан Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева білім беру ұйымдарындағы Келісу комиссияларының рөлі, маңыздылығы туралы және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жұмыстары туралы ақпарат берді.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева семинарға қатысқандарға «Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы туралы» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Семинар барысында Райхан Мамашиқызы Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» заңының 17-бабы 5-тармағына сәйкес кәсіподақ мүшелерінің арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оның ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының негіздері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ еңбек дауларында келіссөздер жүргізе білу дағдыларын дамыту және консенсусқа қол жеткізу кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі болып табылатындығын атап өтті. Сонымен қата, КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫН құрудың және оның қызметінің өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Өз кезегінде Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы семинарға қатысушыларға Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес Келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайынғы оқытудан өтуге міндетті екендігін атап өтті.
Семинарға қатысушылар тақырып бойынша көкейтесті сұрақтарын жолдап, жан-жақты жауаптарын алды. Дәл осындай форматтағы семинарлар Түркістан облысының қалған барлық аудандарының білім беру ұйымдарының Келісу комиссияларының мүшелеріне де өткізілетін болады.
Семинарға қатысқан Келісу комиссиясының мүшелеріне «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Мұқашева оқудан өткендігі туралы сертификаттар табыстады. Айта кету керек, семинарлар ақысыз негізде өткізілді.
Кездесу соңында ұстаздар өздерінің алғыстарын білдірді.
Дәл осындай оқыту семинарлары Кентау қаласында да өткізілді.