ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ СЕМИНАР
Бүгін, 1 ақпан күні педагогтардың жалақысына қатысты өзекті мәселелерді түсіндіру мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бастамасымен әлеуметтік әріптестік аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы Г.Тоқпанованың қатысуымен ZOOM платформасында семинар өткізілді. Онлайн режимде өткізілген семинарға Түркістан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының білім басқармасы, білім беру ұйымдарының жетекшілері және қаржыгерлері, сонымен қатар аталған өңірлердің кәсіподақ активі қатысты.
Жиынды Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева ашты. Ол өз сөзінде кейбір өңірлерде Кәсіподақ жүргізіп жатқан үлкен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, педагогтарға жалақыны дұрыс есептемеу, қажет емес құжаттарды талап ету жағдайлары орын алып жатқанын, бұл кейбір басшылардың келіп түскен нормативтік құқықтық актілерді уақытында зерттемейтінін көрсететінін, ол өз кезегінде кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына әкеп соғатынын атап өтті. Сөз соңында Салалық кәсіподақ төрайымы кездесудің маңыздылығына тоқталып, семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы Г.Тоқпанова «Мемлекеттік ұйымдар педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің жалақыларын төлеу тәртібі туралы ақпарат берді.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева да семинарға қатысушыларға мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру ұйымдары, сондай-ақ ТЖкБ ұйымдары қызметкерлерінің жалақысының есептелуіне қатысты бірқатар түсіндірмелерін берді.
Семинар қатысушылары спикерлерге өзекті сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптарын алды. Семинарға барлығы 250-ден астам адам қатысты. Семинар нәтижелі, қатысушылар үшін пайдалы ақпараттарға толы болды.
Кездесу соңында Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева әлеуметтік әріптестер мен семинарға қатысушыларға алғысын білдіріп, салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға әрдайым ашық және дайын екенін жеткізді.