КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ
Бүгін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Ақмола облысының Ақкөл, Атбасар, Астрахан, Аршалы, Бұланды және Бурабай аудандарының білім беру ұйымдарының Келісу комиссияларының мүшелеріне онлайн семинар өткізді.
Семинарды сөз сөйлеп ашқан Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Виктор Беженаров білім беру ұйымдарындағы Келісу комиссияларының рөлі, маңыздылығы туралы ақпарат берді.
ҚР Еңбек кодексінің 23 бабы 2 тармағының 26 тармақшасына сәйкес ҚР Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен жұмыс беруші Келісу комиссиясын құруға міндетті.
Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес Келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайынғы оқытудан өтуге міндетті.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева Келісу комиссиясын құрудың және оның қызметінің өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Семинарға қатысушылар тақырып бойынша көкейтесті сұрақтарын жолдап, жан-жақты жауаптарын алды.
- Жұмыс берушілер мен қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ұйымда Келісу комиссиясын құру және оның қызметі мәселесіне жауапкершілікпен қарау қажет, - деп семинар жұмысын қорытындылады Виктор Беженаров.
Келісу комиссиясының мүшелеріне оқудан өткені туралы сертификаттар беріледі.
Дәл осындай онлайн семинарлар Ақмола облысының қалған барлық аудандарының білім беру ұйымдарының Келісу комиссияларының мүшелеріне де өткізілетін болады.
Айта кету керек, семинарлар тегін өткізілуде.
-
Фото
-