МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін, 22 желтоқсанда, бейнеконференция байланысы арқылы Салалық кәсіподақтың орталық аппаратының өкілдері, мүшелік ұйымдарының басшылары мен заңгерлерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізілді. Онлайн жиынды Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Виктор Беженаров ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде ұстаздарды аттестациялау, педагогтардың жалақысын есептеу қағидалары, білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау және т.б. көптеген мәселелер талқыланды.
Виктор Федорович білім беру саласында әзірленген жаңа нормативтік-құқықтық актілер туралы хабардар етті. Аталған маңызды НҚА әзірлеу барысында кәсіподақ енгізген ұсыныстарды атап өтіп, өзекті мәселелерге жеке тоқталды.
Жиын барысында мүшелік ұйымдардың басшылары мен заңгерлерінің тақырып төңірегінде жолдаған көптеген сауалдарына тұшымды жауаптар мен түсініктемелер берілді.
Саладағы ауқымды мәселелер көтерілген семинар-кеңес үш сағатқа жуық уақытқа созылды, қатысушылар өздерінің алдағы жұмыстарына қажетті көптеген пайдалы ақпараттар алды.