КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Шараға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің және салалық кәсіподақтардың басшылары қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысушыларды Қазақстан Республикасының басты ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
- Тәуелсіздік жылдарында Кәсіподақтар еңбек адамдарының мүддесі мен құқығын қорғауда үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жеңістер мен жетістіктерде кәсіподақ қозғалысы белсенділерінің қолтаңбасы бар. Сіздерге мемлекет Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюына және елімізде кәсіподақтар қозғалысын дамытуға қосқан үлестерінің үшін алғыс білдіремін , - деп атап өткен ҚРКФ төрағасы бірқатар кәсіподақ көшбасшыларына мемлекеттік және кәсіподақ наградаларын табыстады.
Марапат төрінен табылған көшбасшылардың қатарында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева және Салалық кәсіподақтың Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Раушан Серікова бар. Айгүл Мақсатқызы мен Раушан Серікқызы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Айгүл Мұқашева әріптестерін ұлық мерекемен құттықтап, Салалық кәсіподақ қызметіне берілген жоғары баға үшін ҚРКФ алғысын жеткізді.
- Бүгінгі марапат менің жеке марапатым емес, сала кәсіподағының жұмысын жоғары деңгейде бағалау деп білемін. Біздің кәсіподақтың ортақ марапаты деп есептеймін. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының көшбасшыларына, белсенді мүшелеріне бірлескен жұмыс үшін алғыс айтқым келеді. Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің кәсіби мүдделері мен еңбек құқықтарын қорғау бойынша жұмысын одан әрі жалғастырады, - деді ол.
Барша әріптестерді лайықты марапаттарымен құттықтаймыз. Кәсіподақ қозғалысын дамыту жолындағы күрделі қызметтеріңізге толағай табыс, жарқын жетістіктер тілейміз. Мейрам құтты болсын.
-
Фото
-