ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА ҚАТЫСҚАН ПЕДАГОГТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Кәсіподақтар федерациясының мәжіліс залында 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Шығыс Қазақстан облысының педагогтарымен кездесу өткізілді. Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешов, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Ә.Әбиева бастаған Салалық кәсіподақ аппаратының қызметкерлері, «Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрайымы Н.Қасенова қатысты.
Жиынды ашқан ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешов білім саласы қызметкерлерін Егементіктің мерейлі мерекесімен құттықтады.
– Биыл халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне 30 жыл, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр. Осындай мерейлі шақта ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген Сіздерді мерекемен құттықтаймын, - деді Н.Өтешов.
Салалық кәсіподақ төрайымының орынбасары Ә.Әбиева ел еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен Желтоқсан оқиғасы куәгерлерінің ерліктеріне алғыс білдіріп, кездесуге қатысушыларға Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашеваның ыстық ықыласы мен құрметін жеткізді.
Ә.Әбиева сондай-ақ Шығыс Қазақстандық әріптестерге Салалық кәсіподақ қызметіне қатысты ақпараттар берді.
«Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрайымы Н.Қасенова өз сөзінде «Желтоқсан оқиғасы – ұлт рухының биік белесі» деп атап өтті.
- Бүгінде тарих төрінен орын алған Тәуелсіздікке қол жеткізуде Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Тарих тағылымынан өнеге алып, жастарды отанды сүюге, құрметтеуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір- қасиетін ұғынуға тәрбиелеу – сіздерге жүктелген абыройлы жауапкершілік, - деген Н.Базарбайқызы өңірде кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кездесуде Желтоқсан куәгерлері сөз алып, Тәуелсіздіктің бастауына айналған оқиғаның маңызы туралы әңгімеледі. Кәсіподақ тарапынан көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Жиын қорытындысында бір топ әріптестерге ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Салалық кәсіподақтың, сондай-ақ Шығыс қазақстан облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталары табысталды.
ШҚО Көкпекті ауданы Самар ауылы «Жұбандық Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейінің» бастауыш сынып мұғалімі Ф.Темірғалиева және Аягөз қаласының көпсалалы қазақ мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары М.Бекқазина Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Шығыс Қазақстандық «Желтоқсаншылар» 6-15 желтоқсан аралығында Ақмола облысындағы «Щучинский» шипажайында демалады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Желтоқсан» оқиғасына 35 жыл толуына орай ШҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы тарапынан оларға тегін жолдамалар ұсынылды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фото
-