САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН ҚОЛДАДЫ
Бүгін, 28 маусымда, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында «Заманауи білім» атты журналистер арасындағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл, Ұлттық білім академиясының 100 жылдық мерейтойына орай өткізілді. Конкурсқа 40-тан астам материал қабылданып, 39-ы әділ қазылар алқасының қарауына өткен.
Конкурстық комиссияның шешімімен газеттер мен журналдардағы үздік мақала, интернет басылымдағы үздік жарияланым, үздік радиоматериал, үздік телевизиялық материал номинациялары бойынша 12 жеңімпаз анықталды.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясынынң Президенті Ғ.Бейсембаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, байқаудың мақсат-міндеттері мен өзектілігі туралы айтты.
Байқау жеңімпаздары Ұлттық білім академиясының Алғыс хаттарымен, сондай-ақ Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ақшалай сыйақыларымен марапатталды.
Жеңімпаздарды құттықтаған Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева БАҚ өкілдеріне еліміздің білім және ғылым саласындағы жаңалықтарды жариялауға, педагог мүддесі мен мәртебесіне қатысты түйткілді мәселелерді көтеруге қосып келе жатқан үлестері үшін алғыс білдірді.
-
Фото
-