САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ СЕМЕЙ ӨҢІРІНЕ ЖҰМЫС САПАРЫ
Салалық кәсіподақ төрайымы мен кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының басшылары Семей қаласына жұмыс сапарымен келді. Өңірге сапар кәсіподақ төрағасының Семей қаласы әкімінің орынбасары А.Садырбаевпен кездесуінен басталды. А.Мұқашева жергілікті атқарушы органдардың аймақтағы білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудағы оң жұмысын, әлеуметтік әріптестікті дамытуды атап өтіп, жұмыстарына табыс тіледі.
Сондай - ақ, Салалық кәсіподақ жетекшісі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Б.Ердембековпен кездесті. Оқу орнының басшысымен әңгімелесу барысында жоғары білім берудің өзекті мәселелері, оларды шешу жолдары, әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері қозғалды. Қонақтар университет қызметімен танысып, сирек жәдігерлер қойылған мұражайға барды.
22 маусымда Салалық кәсіподақ өкілдері Семей жеріндегі кездесулерді жалғастырды: алдымен М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжіне барып, еңбек ұжымымен кездесті. Колледж директоры Ш.Жанаева қонақтарды оқу орнының қызметімен таныстырды.
Колледжде төрт оқу корпусы, білім алушылар үшін 310 орындық 5 қабатты жатақхана бар.
Оқу орнында электрондық кітапхана залы, интернет – зал, 34 атаулы кабинет жұмыс істейді. Кабинеттерді ашуға меценаттар үлкен көмек көрсеткен екен. Әрбір атаулы аудиторияда "Шағын ғылыми-зерттеу орталығы" құрылды, зерттеу, насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Оқу орнында М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына және колледж тарихына арналған мұражай жұмыс істеп тұр.
«Жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіру – бүгінгі заманның басты талабы. Колледж ұжымы студенттердің білім сапасына айрықша мән бере отырып, олардың инновациялық ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөледі»,- дейді колледж директоры.
Бұдан соң колледждің мәжіліс залында кәсіподақ көшбасшылары колледж ұжымымен кездесті. Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева салалық ұйымның қызметі туралы хабардар етті, кәсіподақ ардагері, төраға кеңесшісі М.Тұрғанова Салалық кәсіподақтың даму тарихы туралы айтып, әріптестеріне жұмыста табыс тіледі.
Кездесу соңында А.Мұқашева өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан зор үлесі, қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін колледж директоры Ш. Жанаеваны, сондай-ақ оқытушы Р. Оразбаевты, корпус комменданты Б.Байдекованы Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Өз кезегінде, колледж директоры Ш.Жанаева әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақпен бірлесіп қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Түстен соң кәсіподақ өкілдері Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде, сондай-ақ Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайында болды. Абай рухына тағзым етіп, Ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Одан әрі қонақтар облыстық балалар биологиялық орталығына барып, орталық ұжымымен кездесті. А.Мұқашева бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Д.Вощакинаны "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен марапаттап, бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында Салалық кәсіподақтың 200 мың теңгелік ақшалай сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, ұжымды кәсіподақ Дипломымен марапаттады.
Бүгінгі мазмұнды бағдарлама Семей қаласындағы Ядролық сынақтар құрбандарын еске алу монументіне барып, марқұмдардың рухына тәу етумен аяқталды. Ертең кәсіподақ көшбасшылары Абай еліндегі бірқатар киелі орындарға барады.
-
Фото
-