САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ
«Бастауыш кәсіподақ ұйымы» жылы аясындағы іс-шараларға қатысу үшін бүгін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешов және Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің жетекшісі Р.Қыдырбаева Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.
Салалық кәсіподақ төрайымының аймаққа сапары Түркістан қаласындағы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің кәсіподақ активімен кездесуден басталды.
Мектептің кәсіподақ комитиетінің төрағасы Б.Абдураймов кәсіподақ ұйымының жұмыс жоспарлары мен бағыттары туралы айтып берді.
А.Мұқашева кездесуге қатысушыларды Салалық кәсіподақтың қызметі туралы ақпараттандырды.
- Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің шешімімен 2021 жыл «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» деп жарияланды. Басты мақсат — бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметін жандандыру, оларды ұйымдастырушылық және қаржылық жағынан нығайту, кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеру. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жылы — бұл бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейту мүмкіндігі, - деп атап өтті Салалық кәсіподақ төрайымы.
Бұл тұрғыда ол кәсіподақ белсенділеріне өңірдегі кәсіподақ қозғалысын дамытудағы жұмыстарына ризашылығын білдіріп, кәсіподақ мүшелерінің мүддесі мен құқықтарын қорғаудағы қызметтеріне табыс тіледі.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешов биылғы атаулы жыл аясында ҚРКФ құрамындағы ең ірі салалық ұйым -білім кәсіподағы тарапынан ұйымдастырылып жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында А.Мұқашева әріптестеріне кәсіподақ наградаларын табыстады. Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Абдураимов Салалық кәсіподақтың «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» алтын төсбелгісімен, мектеп директоры Д.Дийметова – күміс төсбелгісімен, сондай-ақ ұстаздар: А.Тойлыбаева мен У.Салаходдинова Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебіне Салалық кәсіподақтың 300 мың теңгелік ақшалай сертификаты табыс етілді.
Бұдан соң қонақтар мектептің мұражайымен танысты. Мұражайды мектеп қызметкерлері өз күшімен жасаған екен. Ұстаздар еңбегімен мұражайда мектептің 100 жылдық тарихы жан-жақты көрсетілген.
Түстен соң кәсіподақ мүшелерімен кездесу Кентау қаласында жалғасты. Мұнда кәсіподақ көшбасшылары Салалық кәсіподақтың құрамына кірген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Кентаулық ұстаздармен кездесу барысында Салалық кәсіподақ төрайымы сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы кәсіподақтың қызметі туралы ақпарат берді. Кәсіподақ мүшелерінің өзекті сұрақтарына жауаптар берілді.
-
Фото
-