ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ КЕЗЕКТІ ҚҰРЫЛТАЙЫ
2021 жылғы 7 сәуірде Халықаралық білім кәсіподағының Еуразиялық бірлестігінің онлайн ІІІ құрылтайы өтті. Құрылтайдың отырысын Türk-Eğitim Sen басшысының орынбасары Ченгиз Коджакаплан жүргізді.
Халықаралық білім кәсіподағының еуразиялық бірлестігінің 2010 жылдан бергі тұрақты мүшесі ретінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы да құрылтай отырысына қатысты.
ІІІ Құрылтайға Түркі мемлекеттерінің кәсіподақ басшылары мен уәкілетті делегаттары қатысты. Оның ішінде – Түркия елінің білім кәсіподағының төрағасы – Талип ГЕЙЛАН, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы – Айгүл МҰҚАШЕВА, Әзербайжан білім кәсіподағының төраға орынбасары – Мирза ДЖАФЕРЗАДЕ, Солтүстік Кипр білім кәсіподағының төрағасы – Акын МАНГА, Солтүстік Македония білім кәсіподағы қайымдастығының төрағасы – Елвин ХАСАН, Косово түрік ұстаздары қауымдастығының төрағасы – Ерол КАЛА, Румыния елінің түрік татарлары ұстаздары қауымдастығының төрайымы – Вилдан БОРМАМБЕТ, Ирак түркмендерінің білім беру ұстаздары ұйымының төрағасы бар.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қатарынан төрайым А. Мұқашева, төрайым кеңесшісі М. Амантаева, бөлім басшысы Е.Иманбаев, Нұр-Сұлтан қ. «Әділет» кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Әлиев және Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Есқалиева қатысты.
Жоғарыда аталған халықаралық білім кәсіподағының басшылары сөз сөйлеп, бүгінгі білім саласындағы көкейкесті түйіткілдері мен жетістіктері жөнінде, кәсіподақтардың жұмыс барысы туралы ақпараттарын ортаға салды.
Салалық кәсіподақ басшысы А.Мұқашева өз сөзін көктемнің мерекесі – Наурыз күнімен құттықтап, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерінің қорғалуы жөнінде қысқаша ақпаратпен бөлісті. Әлеуметтік әріптестік аясындағы қол жеткізген жетістіктер мен оң шешімін тауып жатқан түйіткілдер туралы баяндай отырып, былтырғы қабылданған ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңына және заң аясындағы ұстаздардың жалақысының 2 есеге артатыны туралы жеке тоқталып өтті.
Сонымен қатар, Кәсіподақ тарапынан жоғарыда аталған заң нормаларының орындалуы туралы мониторинг жасалып жатқанын, дәл осы бағыттағы педагогтар арасындағы онлайн сауалнама жүргізілгені және білім саласы қызметкелерінің, оның ішінде кәсіподақ мүшелерінің Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына 337 өкіл сайланғаны туралы қатысушыларды хабардар етті.
Сөз соңында А. Мұқашева а.ж. 31 наурызда өткен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбындағы саммиті және қабылданған қарары туралы қорытындылай келе, көркейген қасиетті Түркістан жерін зиярат етуге шақырды.
Құрылтайдың соңында қатысушы делегаттар Басқарушылық кеңестің, Бақылау кеңесінің және Әдеп кеңесінің құрамын бекітті. А.Мұқашева Басқарушылық кеңесінің құрамына енгізілді.
-
Фото
-