САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ
Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева облыс әкімінің орынбасары Құрманова Айзада Амангелдіқызымен кездесті.
Кездесу барысында облыстағы білім саласының өзекті мәселелері талқыланды. Салалық кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымы мен облыстық білім басқармасы арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудың, сондай-ақ жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарының қолдауының арқасында облыста білім беру қызметкерлерінің мәселелері оңтайлы шешілді: атап айтқанда педагогтар жыл сайын медициналық тексеруден жұмыс берушінің қаражаты есебінен өткізіледі, ауылдық жерлерде тұратын педагог қызметкерлердің коммуналдық қызметтерінің ақысы өтеліп беріледі. ҚР "Педагог мәртебесі туралы" заңының нормаларының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
2020 жылы Павлодар облысының әкімі А.Ысқақовтың бастамасымен өңірдің білім беру жүйесін дамытуға ерекше үлес қосқан педагогтарға арнайы марапат тағайындалды. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша облыстың білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін 50 педагог төсбелгілермен және 1000 АЕК мөлшеріндегі сыйақымен марапатталды. Айта кету керек, бұл ұстаздарды осындай ынталандыруды қарастырған жалғыз облыс.
Облыста қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде, "Заманауи мектеп"бағдарламасы іске қосылды.
Сондай-ақ, кездесу барысында төраға Ғ.Науразбаева бастаған облыстық кәсіподақ ұйымының қызметі атап өтілді. Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, аймақтағы білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Өткен жылы 811 мұғалімнің құқықтары қалпына келтірілді, 2052 кеңес берілді, кәсіподақ мүшелеріне 63 млн.теңгеден астам қаражат қайтарылды. Пандемия кезеңінде де үлкен жұмыстар атқарылды, кәсіподақтың белсенді жұмысы мен Қосымша келісімдер жасаудың арқасында білім беру қызметкерлерінің жалақысы сақталды.
Атап өту керек, Айзада Амангелдіқызы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған кезде педагогтерға әлеуметтік кепілдіктер беру мәселелеріне аса қызығушылық танытып, жұмыс топтарының отырыстарында сала қызметкерлерінің проблемаларын бірнеше рет көтерген және оның белсенді ұстанымының арқасында олардың көпшілігі өз шешімін тапты. Кездесу соңында Салалық кәсіподақ төрағасы Айзада Амангелдіқызына облыстың білім беру саласын дамытуға қосып отырған үлесіне алғыс айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жолындағы алдағы қызметіне табыс тіледі.
-
Фото
-