БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында және психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларда (ПМПК) жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің, білім беру ұйымдарының кітапханашыларының жалақысын арттыру мәселесі бойынша көптеген сұрақтар түсуде.
Осыған орай, Салалық кәсіподақтың атқарылған жұмысы жөнінде келесі ақпаратты береміз. Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің мәселелерін толықтай біледі және олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру сұрақтары біздер үшін басымды бағыт болып қалады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығына сәйкес, 2021 жылдың қаңтарынан бюджет саласының 1 миллион 70 мың қызметкерінің жалақысы арттырылғаны белгілі, оның ішінде: 785 мың педагогтың айлығы – тағы 25 %; 247 мың медицина қызметкерінің айлығы – 30 %; әлеуметтік қорғау мекемелерінің 38 мың қызметкерінің айлығы – 45 % дейін өсті.
Дегенмен, жалақының дараланып өсуі қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс жағдайын туғызады. Жалпы саны 2 миллионнан астам мемлекеттік білім беру ұйымдарының медициналық қызметкерлері, әкімшілік және қосалқы персоналдары, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың жұмысшылары жалақы көтеруден тыс қалды.
Салалық кәсіподақ туындаған мәселенің шешімін қарастыру үшін:
2020 жылы 16 наурызда ҚР Үкіметінің Вице-премьеріне;
2020 жылы 16 наурызда ҚР Білім және ғылым министріне;
2020 жылы 19 мамырда ҚР Үкіметінің Премьер-министріне хаттар жолдап, төмендегі талаптарды алға қойды:
мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлері мен кітапханашылардың жалақысын арттыру;
азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын салалық ерекшеліктерін ескере отырып қайта қарау, лауазымдық айлыақыларын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін әлеуметтік индикаторлармен байланыстыру.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Салалық кәсіподақ жалақыны арттыру мәселелері бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдады. /Министрліктің жауабын төменде орналастырылды/.
Осыған қоса, Салалық кәсіподақ ҚР кәсіподақтар Федерациясының алдында да білім беру ұйымдарының кітапханашылары мен медициналық қызметкерлерінің еңбекақылары мәселелерін көтерді. ҚР кәсіподақтар Федерациясы өз кезегінде ҚР Үкіметіне және ҚР Парламенті Мәжілісінін депутаттарына орын алған мәселелердің шешілуіне ықпал жасауына талап хаттарын жолдады.
Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік білім беру ұйымдарының әкімшілік және қосалқы персоналдарының жалақысын көтеру жөнінде ҚР Еңбекті қорғау және халықты қорғау министріне хат жолданды.
Барлық деңгейдегі кәсіподақ органдары білім және ғылым саласы қызметкерлерінің еңбегіне еңбекақы төлеу жүйесіндегі ауытқуларды еңсеруге бағытталған жұмысты ҚР заңдылықтарының аясында жалғастырады.
Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі