ЖЕЗҚАЗҒАН АЙМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АКТИВІМЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ
28 қаңтар күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы бейнебайланыс режимі арқылы Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы активімен семинар өткізді. Онлайн жиынды Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева ашты. Ол өз сөзінде кәсіподақ қызметін жетілдіру жолында мүшелік ұйымдардың алдына қойылған басым міндеттерді мүлтіксіз шешудің маңыздылығына назар аударды. Жезқазған аймақтық ұйымының бұл бағытта атқарып жатқан жемісті жұмыстарына алғыс білдіріп, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жолындағы игі жұмыстардың жалғаса беруіне тілектестік білдірді.
Онлайн кездесуде Салалық кәсіподақтың орталық аппаратының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы А.Бектабанов кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау, еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау мәселелеріне қатысты кәсіподақ активі тарапынан қойылған өзекті сауалдарға жауап берді.
Салалық кәсіподақ өкілдері - Е.Иманбаев, Г.Тоқабаева, Ғ.Айкумбаева әлеуметтік әріптестікті дамыту, келісімдер мен ұжымдық шарттарды орындау барысына мониторингті жүзеге асыру, жарғылық мақсаттар мен міндеттерді іске асырудағы кәсіподақ ұйымдарының жұмыс тиімділігін арттыру, кәсіподақ ұйымдарына цифрландыру жүйесін енгізу туралы жан-жақты ақпарат берді.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы төрағасы М.Қоңырбаев бастаған кәсіподақ активі кездесудің пайдалы болғанын атап өтіп, Салалық кәсіподақ өкілдеріне көрсетілген әдістемелік және тәжірибелік көмек үшін алғыс білдірді.