САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ БИЫЛҒЫ ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Бүгін, 22 желтоқсан күні, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Салалық кеңесі мүшелік ұйымдар басшыларымен онлайн жиын өткізді. Кездесуде өткен жылдың қорытындылары мен 2021 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.
Есептік кезеңде кәсіподақ қызметі Жарғыға және іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылды, кәсіподақ жұмысы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталды. Жиынды ашқан Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева мүшелік ұйымдар басшыларына бірлесе атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдірді. «Өздеріңіз білесіздер, биылғы жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Соған қарамастан, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» бірлігімізбен біз саладағы бірқатар қиындықтарды бірге еңсердік. Жұмыла атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі де жаман емес. Сала кәсіподағы өз жұмысында әлеуметтік әріптестікті дамытуға көп көңіл бөліп келеді, соның арқасында сала қызметкерлерінің көптеген түйткілді мәселелері оңынан шешілуде», - деді А.Мұқашева.
Кәсіподақ басшысы өз сөзінде биылғы жылы кәсіподақ пен Білім және ғылым министрлігі өкілдерімен бірлесіп өткізілген вебинарларлардың сала қызметкерлері, кәсіподақ мүшелері үшін маңызды ақпарат алмасу алаңы болғанын ерекше атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, қыркүйек-қазан айларында Білім және ғылым вице-министрі Б.Асыловамен бірлесе өткізілген вебинарлар қорытындысы бойынша сұрақ-жауаптар жинағын шығарып, оларды аймақтардағы білім бөлімдері мен басқармаларына және әрбір білім беру ұйымдарына жеткізу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда екі тараптың қолы қойылған жинақтар дайын», - деп хабарлады А.Мұқашева. Әдістемелік нұсқама ретінде әзірленген сұрақ-жауаптар жинағы әр аймаққа жеткізілетіні, сонымен қатар Салалық кәсіподақтың сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына орналастырылатыны белгілі болды.
Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары В.Беженаров өз сөзінде кәсіподақ жұмысын жетілдіру жолында атқарылып жатқан игі жұмыстарға тоқталды, кәсіподақ басшыларын сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерінің мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Жиын соңында әріптестер бір-бірін келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, сәттілік, жаңа табыстар тілесті.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛАЛЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ