ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ ВЕБИНАР
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы әлеуметтік әріптестік аясында ҚР БҒМ өкілдерімен кезекті вебинар ұйымдастырды.
Бүгін, 11 қараша күні өткізілген республикалық вебинарға ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау Комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова, төраға орынбасары Ғалым Арынғазиев, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық Департаменттердің басшылары, Білім басқармаларының жетекшілері, сондай-ақ Салалық кәсіподақтың облыстық, аудандық, қалалық ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылованың қатысуымен қашықтықтан оқыту жағдайында туындаған өзекті мәселелерді түсіндіру, сала қызметкерлерінің сауалдарына жауап беру мақсатында ұйымдастырылған аймақтық семинарларының нәтижелі болғанын атап өтті. Вебинарлар әлеуметтік әріптестік аясында Салалық кәсіподақтың бастамасымен өткізілген-ді. Осы орайда А.Мұқашева онлайн кездесулер нәтижесінде бірқатар курмеулі мәселелер шешімін тауып, бүгінгі күні вебинарлар барысында түскен сұрақтарға жауаптар жинағы дайындалып жатқанын жеткізді.
ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитетінің төраға орынбасары Ғалым Арынғазиев министрлік құрамындағы Комитеттің мақсат-міндеттеріне кеңірек тоқталды.
- Комитет жұмысының негізгі бағытына білім саласындағы сапаны бақылаумен бірге, әдістемелік қолдау көрсету де кіреді. Біз үшін білім саласында, әрбір білім беру ұйымында барлық заңнамалар нормаларының сақталуы аса маңызды,- деп атап өтті ол.
Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының басшылары, құқықтық қызмет мамандары жиын барысында республика ұстаздарының жанайқайына айналған, көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Олардың қатарында еңбек демалысына қоса берілетін сауықтыру жәрдемақысының төлемі, мұғалімдерді газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыру, еңбекті нормалау және т.б. бар. Кәсіподақ өкілдері білім саласындағы түйткілді мәселелерді қарастыруда педагогтардың мүддесі басты назарда болуы тиістігін баса айтты.
Жиынға қатысушылар саладағы өзекті проблемалар көтерілген вебинардың пайдалы алаңға айналғанын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Онлайн жиынға барлығы 300-ге жуық адам қатысты.