ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК АЯСЫНДАҒЫ ОНЛАЙН ЖИЫНДАР АЯҚТАЛДЫ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бастамасымен әлеуметтік әріптестік аясында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова мен Салалық кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен бейне-конференц байланысы арқылы өткізіліп жатқан аймақтық онлайн семинарлар өз мәресіне жетті. 2-4 қараша күндері соңғы семинарлар Түркістан облысының, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармалары, білім беру ұйымдарының жетекшілері және қаржыгерлерімен өткізілді.
Онлайн жиынға барлығы 2000 жуық сала қызметкері қатысты. Барлық қатысушылар вице-министрге, сондай-ақ Салалық кәсіподақ өкілдеріне көкейдегі сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптарын алды.
Кездесулерге ҚР БжҒМ бюджеттік жоспарлау Департаменті директоры Ж.И.Рахметова, ҚР БжҒМ СҚК педагогикалық кадрлармен жұмыс жөніндегі Басқарма басшысы А.Т.Дүйсембаева, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім орталығының директоры М.Е.Адамова да қатысты.
Сала мамандарының министрлік, кәсіподақ өкілдеріне жолдаған сауалдары негізінен кезекші сыныптардың мұғалімдеріне жалақы төлеу, сауықтыру жәрдемақысы, тарифтеу және оқу жүктемесі, педагогикалық шеберлік үшін біліктілік санатын беру, еңбек демалысына қоса берілетін сауықтыру жәрдемақысының төлемі, магистрлерге, сондай-ақ дәптер тексерген үшін қосымша ақы төлеу, ауылдық жерде тұрып, жұмыс істейтін сала қызметкерлеріне коммуналдық қызметтер өтемақысын төлеу және т.б. қатысты болды. Қойылған сауалдар жауапсыз қалған жоқ, барлығына бірдей толық, жан-жақты түсінік берілді.
Білім және ғылым министрлігі тарапынан сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова жиынға қатысушыларға 2021 жылдан бастап ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін әдістемелік кабинеттердің әдіскерлеріне 10 АЕК көлемде қосымша ақы, ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы дене шынықтыру пәнінің нұсқаушыларына, мектептердегі дене шынықтыру мәнінің мұғалімдеріне және Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы дене шынықтыру пәнінің оқытушыларына жалақыларына 1 БЛЖ (17697тг.) көлемінде үстемеақы төленетіні туралы ақпарат берді.
Бұл мақсаттарға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Өткен жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаев ұстаздардың жалақысын алдағы төрт жылда 2 есеге арттыруға тапсырма бергені белгілі.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсті. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық білім беру ұйымдарындағы педагогтардың айлық ақысы тағы 25 пайызға өседі. Еңбек ақыны арттыру және ақысы төленетін 56 күнтізбелік күндік еңбек демалысын ұсыну жеке білім беру ұйымдарына да қатысты болады», - деп қадап айтты Б.Асылова.
Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева 1 айдан астам уақыттан бері өткізіліп жатқан онлайн жиындарда сала қызметкерлеріне жан-жақты құқықтық көмектер көрсетіліп, үлкен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Ол жиынға қатысушылар атынан Білім және ғылым вице-министрі Б.А.Асыловаға жиынға қатысқаны үшін алғыс айтып, педагогтар игілігі үшін атқарып жүрген қызметіне табыс тіледі.
Атап өтейік, кездесулер қорытындысы бойынша сұрақ-жауаптар жинағын шығарып, оларды әрбір ұйымға және білім беру басқармаларына жеткізу туралы шешім қабылданған болатын.
Әлеуметтік әріптестік аясындағы мұндай жиындар дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынына сенім білдіреміз.
-
Фото
-